Ата басылымның басты бақыты – бұл жылдарда оқырмандары еселеп артты. Таралымы жағынан республикалық көптеген газет, журналдардан озды. Ол шын мәнінде оқылатын, халықтың күн сайын асыға күтетін сүйікті газетіне айналды. Облыстағы күнделікті маңызды жаңалықтар журналистік ізденіспен, көркем тілмен берілумен қатар – жергілікті халықтың көкейін тескен өткір проблемалар, тарихи оқиғалар және тұлғалар, өлке тануға байланысты мақалалар жүйелі жазылды. «Ауылым – қасиетті қауымым», «Ауылым – алтын бесігім», «Ауыл жайлы қозғайық бір әңгіме» сынды айдарлармен ел тіршілігі, ұлттың өсуі, отансүйгіштік рухтағы ұрпақ тәрбиесі мәселелері жиі қозғалды.
Мұндай жоғары жетістікке жетуге ұжым үшін бінеше жағымды себеп ықпал еткенін айта кеткеніміз жөн. Біріншіден, Жақаң бас редактор болып ұжымға келген күннен бастап журналистерге шығармашылық еркіндік берді. Екіншіден, әр қызметкерден жұмыс барысында қатаң тәртіп талап етілді. Үшіншіден, тілшілер уақыт талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылды. Олардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайы, моральдық ынталандыру шаралары ескерілді. Осының бәрі бір күнде жүзеге асатын шаруа емес. Бұған редактордың байыппен қыл арқан ескендей білігін, білімін, беделін жұмсағанын сезіндік.
Жақаңмен алғаш танысқан сәтім есіме жиі оралады. Жаңа бас редактормен танысу үшін Алматыға бардым. Ол кезде редакциямыз Алматыда балатын. Бірінші рет көргендіктен кабинетіне қобалжып кіріп амандасып, алдына отырдым.
– Иә, қал-жағдайың қалай, сен осы бізде әлі жұмыс істеп жүрсің бе? – дегенде зәре-құтым кетті. Не деп жауап берерімді білмей бетіне қарадым. Жыл он екі ай сыртта, редакциядан аулақта ауданда жүретін меншікті тілшіні сыртынан жұмыстан босатып, жайғап қоюы ғажап емес қой. Іштей осындай ойлар санамда жүгіріп өтті. Сәлден соң жылы жымиып, өңін өзгерткен бас редактор:
– Жә, біз сені әлі жұмыстан шығарған жоқпыз, бірақ қызметіңді дұрыс атқармасаң кетіп қалуың ғажап емес.
– Жақсы, – дейсің ғой баяғы әдетпен, тезірек бастықтың алдынан тайып тұруға ой кетіп.
– Байқап жүрмін, жазуың жаман емес, алайда ширау керек, жиі жазу керек. Аудан, ауылдағы өзекті мәселелерді зерттеп жазғаның абзал, науқандық жұмыстарды да назардан тыс қалдырма.
Редактордың жылы лебізі жанымды жайландырғандай болды. Жазған хабар-ошарымды, мақалаларымды почта арқылы хатпен жіберетінімді және жазу машинкасы мен диктофонға қолым жетпей жүргенімді айттым. Редактор бухгалтерді шақыртып, көзімше факс пен жазу машинкасын беруді тапсырды. Маған беретін басы артық диктофон жоқ екен. Сөйтіп алғаш кездескенде Жақаңның алдынан мың түрлі күйге түсіп, терлеп-тепшіп қысылып әрі олжалы болып шыққаным есімде. Содан кейін ол менімен кездескен сайын алдымен «Сен осы бізде әлі жұмыс істеп жүрсің бе?» дейтін болды. Бұл сөзге етімді үйреткен соң Жақаңмен аздап әзілдесетінді шығардым.
Жақаң сол жолы машақаты аз емес меншікті тілші жұмысын біршама жеңілдетті. Қатты қуандым, жаңа басшының қамқорлығына тәнті болдым. Алғашқы жазу машинкасын және факс алуым, кейіннен диктофон, компьютерге қол жеткізуім журналистік жұмысты әжептәуір оңтайландырды.
Бұрын қолымызда қазіргідей компьютер, планшет, ғаламтор сияқты мүмкіндігі мол ғаламаттар бола қойған жоқ. Газеттің келесі санына жарияланатын мақаланы Жаркент пен Талдықорған, Алматының арасына қатынайтын жолаушылар автобусынан беріп жіберетінбіз. Оны автобекеттен барып алатын редакцияда арнайы қызметкер де бар еді.
Қызығы, кейде мақала жіберген автобусың жол-жөнекей бұзылып қалып, жолаушылар басқа көлікке ауысып мініп кетіп, абыр-сабырда сен жіберген мақала бұзылған автобуста ұмытылып қалып қойып, ертесі облыстық редакция мен Жаркенттегі біздің үйді жалғайтын телефон желісі редактордың қаһарлы айғайынан қалтыраған сәттер жиі жүз беретін. Бұзылған автобус жасалған соң Сарыөзектен Алматыға жол тартып немесе басқа бағытқа бет алып, мақала апта айналып редакцияны әрең тапқан оқиғалар да болған.
Маған кейде біреулер «Сенің қызметің жақсы, жұмысқа барам демейсің, өз еркің өзіңде», – деп қызыққан болып сынаған сыңай танытады. Тіпті, бір балдызым: «Аға, осы сіздің жұмысты істеу үшін қандай оқу бітіру керек?», – деп сұрағаны да бар. Сонда мен оған «Меншікті тілші болу үшін ҚазМУ-дің журналистика факультетін қол үзбей оқып, сонан соң сырттай тағы бір мәрте оқуың керек және мен сияқты орта мектепті он төрт жылда тамамдасаң артық болмайды», – деп әзілдегенім есімде.
Шындығында солай ма? Ұзақ жылғы тәжірибемнен түйгенім – уақытылы жұмысыңа барып келіп, бос уақытыңды алаңсыз өткізгенге жетпейді. Меншікті тілші тәулік бойы жұмысты ойлап жүруге мәжбүр. Мұның әртүрлі себеп-салдары бар. Соның бастыларын жіпке тізсем: ең әуелі, сені алдағы күні не күтіп тұрғанын білмейсің. Редактор, оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе кез келген редакция қызметкері аяқастынан өңірден мерекелік санға, арнайы беттерге мақала ұйымдастыр деп тапсырма беруі мүмкін. Оны жылдам, көңілден шығатындай етіп орындап тастауға тырысасың. Іштей осыдан тезірек құтылып, жайыма жүрейінші деген ой да болады. Алайда сені ұзақ уақыт жайыңа жібермейді. Кейде саған республикадағы, облыс орталығындағы басқа басылым, ақпарат құралдарының қызметкерлері өтініш айтып, тапсырма беріп жататыны тағы бар.
Меншікті тілші қызметінің жаныңа рахат сыйлайтын жақсылықтары да аз емес. Ең бастысы, облыстың, оның басты басылымының аудандағы өкілісің. Сол үшін айналаңдағылар саған құрметпен қарайды. Екіншіден, өңірдегі жүз берген барлық маңызды оқиғаларға алдымен шақырыласың, кез келген мекеме, кәсіп-орынға кедергісіз кіріп, сұқбат құруға, ақпарат алуға құқың бар. Үшіншіден, жеке шығармашылығыңмен шұғылдануға мүмкіндігің мол. Айта берсем, бұдан басқа да қызықтары жетерлік.
Ел ішіндегі беделімнің бұрынғыдан да жоғарылай түсуіне Жақаңның ықпалы көп тиді. Өңірге келген сайын алдымен аудан әкіміне кіріп, оған мені шақыртатын. Тіпті, ауданға жаңа тағайындалған бірер әкімді көзінше маған табыстаған кезі есімде. Ал енді редакция қызметкеріне әлдебір «жуан жұдырықты» құқай көрсетсе Жақаң журналистерін қызғыштай қорғайтын.
Біздің Панфилов ауданына жаңадан келген бір әкім маған жиі қырын қабақ танытып жүрді. Себебін барлап көрсем әкімнің жанындағы бір жағымпаз, жандайшабы мені оған жамандап, қарсы қояды екен. Бұрын менімен бір мектепте оқыған, өмірі шәй деспеген ауылдас әлгі сұмырайға жөнімен бұл әдетін қоюын өтіндім. Ол қоймады, әкім де сәтін салған сайын мені сөзбен түйреп қалып зықымды шығарды.
«Барымтаға қарымта» демекші, қорғанудың ең тиімді тәсілі шабуыл екенін ұғып, «Аудан әкімінің назарына» деген айдармен өңірдегі кемшіліктерді жіпке тізгендей сынап жаза бастадым. Бұл әкім Жақаңмен бұрыннан сыйласатын жақсы достарының бірі еді. Кемшіліктерді «түзеп» біте алмайтынына көзі жеткен соң ол Жақаңмен хабарласып «тікенек тілді» тілшісін тыюды өтініпті. Бірақ бастығым әкім досына «Мен тілшіге кемшілікті көрме, жазба деп айта алмаймын» деп менімен оның тіл табысуына кеңес беріпті. Мұны маған Жақаңның өзі айтқан жоқ, бас редакторға жақын жүретін, әңгімені өз құлағымен естіген досым жеткізді. Сөйтіп әлгі әкім менімен тіл табысып, жамандағыш жандайшабын тыйып, сыйластықпен жұмыс істедік.
Осындай өз сарбазын жатқа жығып бермейтін баһадүр мінезін басқа да тілшілерін қорғауда танытқанын білеміз. Жақаң құзырындағы әр адамға қамқоршы болды.Тілшілеріне қабілетіне, бейіміне қарай бағыт-бағдар беріп, қоғамдық тіршілік салаларының қолына қолайлы жақтарын жазуға икемдеді. Олардан оқырманның тұшымына татитын мақалалар туындатуды талап етті. Облыстық газетте басшылық қызмет атқарған Әміре Әрін, Болат Абаған, Нүсіпбай Әбдірахым, қазіргі бас редактор Жұматай Оспанұлы, жауапты хатшы болған Гауһар Дүйсенбаева, зейнеткерлік демалыстағы Жанкүміс Жәмеңке сияқты журналистердің Жақаң жайлы ой-толғануды қолдайтынына сенемін.
«Жақсы ұжым – жан саясы» десек, Жақыпжан Нұрғожаев облыстық «Jetisý» газетін басқарған жылдарда бойында жазуға, сөз өнеріне таланты бар журналистердің жеке шығармашылығын дамытуына мол мүмкіндік жасады. Жеке жинақтарын баспалардан кітап етіп шығарған таланттардың қатары көбейді. Газеттің 80, 85, 90 жылдық тойлары бас редактордың мұрындық болуымен республикалық деңгейде дүркіреп атап өтілді. «Jetisý» газетінің 85 жылдық тойы қарсаңында Жақаңның өзі «Жетісу» жылнамасы» атты шежіре кітабын шығарып, ата газеттің тарихын түгендеді. Сонымен қатар «Көкжиек» атты газет тілшілерінің әңгімелері мен өлеңдер жинағы жарық көрді. Осы мерекелер үстінде көптеген журналистер айтулы марапаттарға ие болды.
Осындай жақсылықтардың бәрі бүгінгі таңда 80 жасқа толғалы отырған Жақыпжан Мысабекұлының ұлағаты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мерейлі сәтте құрметті ағамызға ілтипат білдіру ниеттестеріне абыройлы парыз.
Мырзағали Нұрсейіт