Газетіміздің бүгінгі нөмірінде шағын аралды өз мемлекеті санап, не жарық, не газ, тіпті балалары мектептің не екенін білмесе де өздерін бақытты сезінетін Мигинго арал тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі жайлы айтатын боламыз.
Жер көлемі бар-жоғы 2 шаршы шақырымды құрайтын, халық саны небәрі 200 адамнан аспайтын аралдағы шағын мемлекет әлемдегі бай елдердің қатарында.
Африканың Виктория теңізінің балықтары бірнеше ғасырдан бері теңізді жағалай орналасқан Уганда және Кения мемлекеттерінің экономикалық табысы, халқының асыраушы тағамы болып келеді. Бірақ уақыт өте келе екі елдің балықшылары теңіз бетіне таласып, суасты балықтарын бөлісе алмады. Әсіресе Виктория теңізіндегі алып алабұғаларды ұстау үлкен дау туғызады. Бұл алабұғалар өзге балықтарға қарағанда қымбат тұрады. Негізінде теңізге бұл балықты кениялықтар жіберген. Сол себептен де оны тек өздері ғана ұстау керек деген пікірде. Ал угандалықтар бұл пікірмен келіспейді. Екі ел теңіз астындағы балықтарға таласып жүргенде теңіз ортасындағы Мигинго аралы иесіз жата берді. Тіптен ол жерді жын жайлаған деп ешкім бармайтын, қорқатын. Ақыры иесіз жатқан аралға 1991 жылы Джордж бен Кинбо есімді кениялық екі балықшы барып, мекен етеді. Тіпті халықтың жын туралы айтқан әңгімелерін де елемеді. Олардың аралға келудегі мақсаты – осы маңайды мекен етіп, балық аулап, баю еді. Жергілікті бақсыны әкеліп, жын қуатын ырымдарды жасатқан екі балықшы аралға емін-еркін барып жүрді. Кейіннен отбасымен көшіп барады. Бірнеше жылдан соң ол жерге 60 адам қоныс аударады. Қазіргі таңда халық санағы 200-ге жеткен.
Жергілікті тұрғындар Кения мен Уганда мемлекетіне қарамағандықтан өздерін тәуелсіз елміз деп санайды. Көрші елдер оларға елшілік жіберіп өз қатарларына кіруді талап ете бастайды. Себебі, шағын ғана аралдың бір айлық табысы екі елдің бір жылдық табысын құрайды. Мигинголықтар екі елдің құрамына кіруден бас тартады. Тіптен 2009 жылға дейін талай қарулы қақтығыстар да болған. Қаншама келіссөздер жүргізілсе де ортақ шешім қабылдай алмаған. Соның арқасында күні бүгінге дейін олар тәуелсіз арал атанып отыр. Тек олар екі елге тапқан табыстарының 25 пайызын беруге мәжбүр.
Африкалықтар үшін бұл жақтың тұрғындары ең бай адам есептеледі. Себебі, олардың бір апталық табысы 300 долларды құрайды. Табыс көздері балық аулау. Аралда көше деген тіптен жоқ деуге болады. Ал үйлері болса қарапайым пішінді қаңылтырдан жасалған. Жергілікті ақсақалдар мен басшылар кірпіш пен ағаштан үй тұрғызуға тыйым салған. Тек полиция бөлімшесі ғана кірпішпен салынып, темірмен бекітілген деседі. Ол жерде кениялық және угандалық полиция кезекпен қызмет атқарады. Сондай-ақ, бір елдің полициясына 1 тәуліктен артық жүруге болмайды. Қылмыскерді басқа елге апарып соттайды. Ал ұрлық жасаған, жергілікті жердің тәртібіне бағынбаған адамдарды аралға қайта кіргізбейді.
Аурухана деген атымен жоқ. Ауырып қалған жағдай болса тұрғындар көрші елдерге қатынап, емделуге мәжбүр. Алайда, шағын мемлекеттен дәріхананы кездестіруге болады. Ең қызығы, дәретхана барлық халыққа ортақ. Ешбір тұрғынға жеке әжетхана жасауға рұқсат берілмеген. Аралда жарық, газ, ғаламтор, теледидар мүлдем қолданысқа кірмейді. Олар таңнан кешке дейін балық аулап, еңбек етеді. Ал әйелдер болса балықты тазалап, кептірумен айналысады. Бір күннің ішінде бірнеше тонна балық ауланады.
Мигинголықтар бос уақыттарын көңілді өткізуге тырысады. Аралда 5 бірдей асхана, 3 қонақүй орналасқан. Тіпті халқы аз болса да сән салондарын ашып қойған. Тұрмысы жақсы тұрғындардың халық саны бүгінде өсіп келеді. Соның нәтижесінде көпшілік өз мекендеріне жақын жерден үлкен аралды сатып алған. Әзірше ол жаққа ешкім көшіп бармаған.
Міне, балалары ғаламтор тұрмақ мектептің не екенін білмейтін осындай халық бар жер бетінде. Оларға қарап, қымбат көліксіз, зәулім үйсіз де бақытты әрі бай болуға болатынын байқадық.
А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ