Жас мамандар – елдің болашағы. Мемлекет жастардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінгіге ғана емес, болашақ үшін еңбек ететін жастар үшін Ақсу ауданында «Жыл үздігі» байқауы жарияланған еді. Онда әр салада қызмет ететін қыз-жігіттер өздерінің жетістігі мен атқарған шаруалары жөнінде ақпарат ұсынды.
Құжат портфолио күйінде жолданды. Сондай-ақ, мамандар мекеменің жұмысын жақсартудағы ұсыныстарымен бөлісті. Байқауға ұсынылған құжаттарды әділқазылар алқасы қарады.
Байқауға 97 өтінім түсті. Өтінімдер жан-жақты, мұқият бағаланды. Нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар марапатталды. Мерекелік шара Қобызшы Молықбай атындағы Мәдениет үйінде өтті. «Үздік жас ұстаз» номинациясын Көлтабан орта мектебінің мұғалімі Адай Мұратұлы, «Үздік оқушы» номинациясын Кеңжыра орта мектебінің оқушысы Ұлдана Нүсіпжан, «Үздік жас спортшы» аталымының бас жүлдесін Дарын Кенжебай иеленді. «Үздік жас мәдениет қызметкері» аталымын Егінсу ауылдық Мәдениет үйінің директоры Дина Ахмет, «Үздік ерікті» аталымын Қапал кәсіптік колледжінің студенті Серік Ақжан, «Үздік студент» аталымын Ақсу агротехникалық колледжінің студенті Шұғыла Жандайбек жеңіп алды. «Үздік жас полиция қызметкері» аталымының жеңімпазы Ақсу аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Руслан Бестибаев, «Үздік жас дәрігер» аталымын Қызылағаш дәрігерлік амбулатория меңгерушісі Марал Ерланқызы және басқа да аталымдар бойынша креативті жастар жеңімпаз атанды. Мұндай байқаулар жастардың тынысын ашып, кез келген қиындықта да жеңімпаздыққа ұмтылдырады.
Марапаттау рәсімінде «Ветеринария саласының үздік жас маманы» Индира Қайыржанқызы: «Бүгінгі марапат бізге артылған зор сенім. Өңір дамуы үшін жастар бар ниет-жігермен еңбек етейік» – деді.
Шара соңынан ардагерлер атынан Күләйхан Тұрсынбекқызы сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтап, болашағына ақ жол тіледі. Жыл бойы әр салада айшықты еңбек етіп, табысты жұмыс атқарған жалынды жастарға аудан әкімі Берік Тынышбайұлы «Жыл үздігі – 2024» жастар сыйлығын табыстады. Өткен жылдың соңы осындай жағымды жаңалықпен түйінделді.
Ләззат Қасымбекова