Цифрлық дәуір адамзатқа үлкен мүмкіндік әкелді. Интернет арқылы білім алып, әлеммен байланыс орнатамыз. Алайда экранның ар жағында байқалмайтын, бірақ жасөспірім жанына ауыр соққы болып тиетін құбылыс бар. Ол – кибербуллинг.
Кибербуллинг – интернет пен әлеуметтік желілер арқылы адамды қорлау, кемсіту немесе қорқыту. Жалған аккаунт ашу, жеке суреттерді рұқсатсыз тарату, топтық мазақ, жеккөрушілік пікірлер жазу – осының бәрі онлайн-қорлаудың көрінісі. Мұндай қысымның ең қауіпті жағы – оның тоқтаусыздығы. Мектептегі буллинг сабақ аяқталғанда тоқтауы мүмкін. Ал кибербуллинг тәулік бойы жалғасады. Сондықтан бала үйінде отырса да өзін қауіпсіз сезіне алмайды.
Халықаралық зерттеулер бұл мәселенің ауқымын көрсетеді. UNICEF мәліметінше, әлемдегі әр үшінші жасөспірім интернетте қорлауға ұшыраған. Мұндай жағдайға тап болған балаларда өзіне сенімсіздік, мазасыздық, әлеуметтік оқшаулану сияқты психологиялық қиындықтар жиі байқалады.
Соңғы жылдары Қазақстанда да балалардың интернетке қолжетімділігі артты. Бірақ цифрлық мәдениет пен жауапкершілік деңгейі сол қарқынмен дамып жатқан жоқ. Мектеп психологтарының айтуынша, онлайн-қорлау жағдайлары көбіне жасырын қалады. Балалар ата-анасына айтуға ұялады немесе қорқады. Сондықтан кибербуллингтің алдын алуда ата-ана мен мектептің рөлі ерекше. Баламен ашық сөйлесу, интернет қауіпсіздігі туралы түсіндіру және оның көңіл күйіндегі өзгерістерге назар аудару маңызды.
Кибербуллинг – цифрлық қоғамның көлеңкелі жағы. Әр жазылған пікірдің артында адам тұрғанын ұмытпауымыз керек. Экранның ар жағында жай ғана профиль емес, сезімі бар адам бар. Қоғам үнсіз қалса, бұл мәселе күшейе береді. Ал үн қатсақ – бір баланың тағдырын қорғап қалуымыз мүмкін.
Сағынгүл ҚҰРАЛБЕК,
ЖУ студенті





