Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылындағы №32 референдум учаскесінде ерекше белсенділік байқалды. Мұнда Қапал кәсіптік-техникалық колледжінің 250 студенті бір мезетте келіп, дауыс берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жас буын өкілдерінің осылайша ұйымдасқан түрде келіп, өз таңдауларын жасауы – олардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын, қоғам өміріне жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Болашақ мамандар үшін бұл – тек дауыс беру ғана емес, ел болашағына деген сенім мен азаматтық ұстанымды білдіретін маңызды қадам.
Колледж студенттерінің белсенділігі референдум учаскесінде ерекше серпін тудырып, жастардың қоғамдық-саяси өмірге қызығушылығы мен жауапкершілігін айқын көрсетті.
«Біз – тәуелсіз елдің жастары ретінде мемлекетіміздің болашағына бейжай қарай алмаймыз. Сондықтан бүгін барлығымыз бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық. Бұл – біздің елге деген құрметіміз бен жауапкершілігіміздің белгісі», – деді Қапал кәсіптік-техникалық колледжінің студенті Жансая Жамалбек.





