ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы және әдеп жөніндегі уәкілдің ұйымдастыруымен семинар өтті.
Басқосуда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі, мүдделер қақтығысының алдын алу, дербес жауапкершілік, қызметтік тәртіпті сақтау және адал қызмет қағидаттарын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Жетісу облысының әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбайдың айтуынша, мемлекеттік қызметші – мемлекеттің бет-бейнесі, халық пен билік арасындағы сенім көпірі. Әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі, адалдығы, әділдігі мен жоғары жауапкершілігі азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін қалыптастырады. Сондықтан мемлекеттік қызметте заңдылықты, ашықтықты және әдеп қағидаттарын сақтау – мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырудың ғана емес, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың да маңызды тетігі.
Семинарда биылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңының негізгі жаңашылдықтарына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға жаңа заңның мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыруға, меритократия қағидаттарын одан әрі дамытуға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін нақтылауға, әдеп нормаларын сақтауды күшейтуге және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған негізгі ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әрбір мемлекеттік қызметшінің жеке жауапкершілігінің маңыздылығы айтылды. Мемлекеттік қызметте «Адалдық – басты қағида, ал нөлдік төзімділік – әрбір мемлекеттік қызметшінің өмірлік ұстанымы болуы тиіс» деген қағидаттың мәні кеңінен түсіндіріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет ең алдымен әрбір қызметшінің құқықтық санасынан, кәсіби әдебінен және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуінен басталатыны аталып өтті. Сонымен бірге, қатысушылармен тәжірибелік мысалдар келтіріліп, мүдделер қақтығысын болдырмау тетіктері, әдеп талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары және жаңа заң талаптарын күнделікті қызметте қолдану мәселелері бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға да жауап алып, өзара пікір алмасты. Осындай түсіндіру және оқыту іс-шаралары мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін нығайтуға, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, қоғамда адалдық пен әділдік құндылықтарын орнықтыруға, сондай-ақ, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін күшейтуге ықпал етеді.
Адалдық, ашықтық, әділдік және жоғары жауапкершілік – жаңа буын мемлекеттік қызметінің басты құндылықтары. Мемлекеттік қызметші осы қағидаттарды өз қызметінде берік ұстана отырып қана халық сеніміне ие болып, мемлекет мүддесіне қалтқысыз қызмет ете алады.
Айгүл БАЙБОСЫН





