Көксу ауданының диқандары егіс науқанын ұйымшылдықпен жүргізді. Ауылшаруашылығы саласы ел экономикасының алтын арқауы екені айқын. Бұл маусымда аудан бойынша барлығы 31 382,1 гектар жерге егін егілмек.
Жылдағы дәстүр бойынша дәнді дақылдарға айрықша мән берілді. Биыл бұл бағытқа 10 500 гектар бөлініп отыр. Оның ішінде жаздық бидайды 3 485, арпаны 5 345, дәндік жүгеріні 1 670 гектарға себу жоспарланған.
Техникалық дақылдар да ауқымды көлемде егілмек: 2 100 гектар алқап қант қызылшасына арналса, 844 гектар көкөніс, 140 гектар бақша өнімдері, 864,1 гектар картоп алқабына айналмақ. Бұл ретте өңірдің топырақ-климаттық ерекшеліктеріне сай өнімділік мол болмақ деген үміт бар.
Майлы бағыттағы өсімдіктердің үлесі 11 400,6 гектарға жетіп отыр. Майбұршаққа 11 377,6, күнбағысқа 12 гектары бөлінген. Бұл өнім түрлері тек ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да бағытталатыны белгілі.
Ауданның агроөнеркәсіп кешенінде мал азығы қорының орны ерекше. Биыл бұл мақсатта 5 533,4 гектар алқап қарастырылған. Көпжылдық шөпке 4 159,4, біржылдық шөпке 1 249, ал сүрлем жүгерісіне 125 гектары бөлінді.
Көктемгі дала жұмыстары кезінде 17 195 гектар жер жыртылды, 8 000 гектарда ылғал жабылды, 6 187 гектар алқапта себуге дейінгі өңдеу жүргізілді. Барлық көрсеткіштер толығымен 100 пайызға орындалды.
Қазіргі таңда жаздық дақылдардың басым бөлігі себілген. Атап айтқанда, жаздық астық тұқымдары 6 241, мал азығы дақылдары 1 935, қызылша 1 822, картоп 800, дәндік жүгері 1 670, майлы бұршақ тұқымдары 10 230 гектарға себілген.
Науқанға 1 245 бірлік ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Оның ішінде 783 трактор, 182 соқа, 74 тұқым сепкіш, 55 қопсытқыш пен 151 тырма бар. Барлық техника уақытылы жөндеуден өткізіліп, жұмысқа дайын күйінде қосылды.
Көктемгі жұмыстар үшін 73 шаруа қожалығы тарапынан 430 тонна дизель отынына сұраныс берілсе, күзгі дала жұмыстарына 65 қожалықтан 394,96 тонна өтінім түсті. Қазіргі таңда «Жетісу Мұнай» ЖШС операторлығымен 60 шаруашылықтың 299 тоннаға өтінімі қабылданып, 44 қожалық 277 тоннаға келісімшарт жасаған. Оның ішінде 36 шаруашылық 208 тоннаның төлемін жасап, қажетті отынын алып үлгерді.
Соның жарқын мысалы – «Жалайыр» шаруа қожалығы. Қожалық иесі көктемгі ауа райының әр сәтін тиімді пайдаланып, алқабын тың әзірлікпен қамтыған.
– Биылғы көктемде қызылша тұқымын 120, жүгері, сәбізді 15 гектар жерге себуге кірістік. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Жерге сіңірген дән – ертеңгі нәсіп, – дейді шаруашылық жетекшісі.
Уақытпен санаса еңбек еткен диқандардың төккен тері мен тынбай жасаған тірлігі күзде берекелі нәтиже беретіні сөзсіз.
Санжар Сұлтанғазы