20 маусым күні Жетісу облысында ауа райының қолайсыз құбылыстарына байланысты ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Синоптиктердің болжамынша, күндіз облыстың шығысында және таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Сонымен қатар Алакөл көлдері маңында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Мамандар өңірде аптап ыстық сақталатынын ескертті. Күндіз ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтеріледі. Осыған байланысты облыстың орталығы, солтүстігі мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі, ал шығысы мен батысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Талдықорған қаласында да күндіз ауа температурасы 35-36 градусқа дейін жетеді деп күтілуде. Қала аумағында жоғары өрт қаупі сақталады.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды, құрғақ шөп пен қоқысты өртемеуді және ашық отты пайдаланудан барынша бас тартуды ұсынады. Найзағай кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, ауа райы болжамдарын қадағалап отыру қажет.





