Жетісу облысында құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтер бірлесіп атқарған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде заңсыз әрекеттің жолы кесілді. Өңірдегі тұрғын үйлердің бірінде арнайы жабдықталған жасырын жылыжай ұйымдастырып, есірткі өсімдіктерін өсірген күдіктілер қолға түсті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Ақсу ауданының полиция қызметкерлері мен ҰҚК бөлімшесі бірлескен операция жүргізді. Жансүгіров ауылындағы жеке тұрғын үйлердің біріне тінту жұмыстары жасалып, есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге арналған арнайы жабдықталған бірнеше бөлме анықталды. Тексеру кезінде өсімдіктер отырғызылған құмыралар мен жасанды жарықтандыру жүйесі орнатылған шағын жылыжай бар екені белгілі болды.
Тінту кезінде жалпы салмағы 5 кг асатын 28 түп каннабис, 720 грамм жаңадан жиналған және 762 грамм кептірілген марихуана тәркіленді. Аталмыш қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Ақсу ауданының 60 және 64 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта олар қамауға алынып, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары есірткіні заңсыз өсіру мен сақтаудың ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын қатаң ескертеді. Тұрғындар қандай да бір заңсыз әрекеттер туралы ақпарат білсе, дереу 102 нөміріне хабарласуы қажет. Мұндай қауіпті әрекеттердің алдын алу қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жастардың болашағын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып саналады.





