Жетісулық шаруалар биыл 2,1 млн. тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Негізінен қант қызылшасы мен жүгеріге басымдық берілуде. Ал мемлекет техника мен жеңілдікті несиелеуге 25 млрд. теңгеден аса қаражат қарастырды. Биыл облыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі еселеу жөніндегі тапсырмасын іске асыруға белсенді кірісуде.
Стратегиялық жоспар жалпы егіс алқаптарын 511,8 мың гектарға дейін жеткізуді көздейді. Өткен маусыммен салыстырғанда, егіс алқабы 1,1 мың гектарға ұлғаяды. Бұл ретте негізгі басымдық егістікті әртараптандыруға және жоғары рентабельді дақылдар үлесін арттыруға баса назар аударылады.
Бекітілген кестеге сәйкес, аймақта дәндік жүгері егілетін жерлер 5172 гектарға, ал арпаға арналған алқаптар 4693 гектарға кеңейеді. Қант өнеркәсібін жаңғырту бағдарламасы аясында тәтті түбір егілетін алқаптар 838 гектарға артады. Картоп пен көкөністерге де көңіл бөлініп, олардың егіс алқабы 457 гектарға ұлғаяды.
Жыл қорытындысы бойынша аймақ шаруалары барлығы 2,1 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімін жинауды жоспарлап отыр. Яғни, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне маңызды үлес қосады. Бүгінгі таңда көктемгі егіс науқанына дайындық аяқталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары берген мәліметке жүгінсек, аймақ тұқыммен толық қамтамасыз етіліп, 51,9 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы дайындалған.
Сонымен бірге минералдық тыңайтқыштар қорын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал берілген өтінімдерге сәйкес, 5,1 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінген. Алдағы жұмыстарда ауқымды техникалық база тартылып, 20,4 мың бірлік техника, оның жартысына жуығы жоспарлы жөндеуден өтіп, көктемгі науқанға шығуға дайын.
Шаруаларды қаржымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кеңенбаев биыл «Кең дала» бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясы арқылы 10,8 млрд. теңге бөлінгенін мәлім етті. Қазіргі таңда 70 шаруа қожалығы несие қаражатын алған, ал тағы 84 өтінім қаралуда.
Бұдан басқа, «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша техникалық паркті жаңартуға және лизингке ауыл шаруашылығы машиналарын сатып алуға 15 млрд. теңге қарастырылған. Мұндай кешенді қолдау жетісулық фермерлерге егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізуге мүмкіндік береді.
Айгүл Байбосынова





