Жетісу облысы әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы» жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте айтылды.
Өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына үлес қосып жүрген белсенді жастарға арналған жоба биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқаудың мақсаты – түрлі салада жетістікке жеткен жас буын өкілдерінің еңбегін насихаттап, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету.
Сыйлыққа Жетісу облысында тұратын және еңбек ететін 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Үміткерлер қатарында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген жастар бар.
Өтінімдер 2026 жылғы 1 шілдеге дейін қабылданады.
Биыл жеңімпаздар 15 номинация бойынша анықталады. Атап айтқанда, цифрландыру, қоғамдық қызмет, спорт, білім мен ғылым, кәсіпкерлік, мәдениет, медицина, журналистика, әскери қызмет, волонтерлік және жастар саясаты салаларындағы үздіктер марапатталады.
Жетісу облысы Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бейбітқызының айтуынша, байқауға қатысушылар міндетті түрде өңір тұрғыны болуы тиіс.
– Жыл сайын үміткерлер арасында Талдықорған қаласы, Сарқан және Ақсу аудандарының жастары ерекше белсенділік танытады. Бұл өңірлерден келіп түсетін портфолиолардың саны да көп. Сонымен қатар, «Көшбасшы» жастар сыйлығының жеңімпазы атанған азаматтар байқауға қайта қатыса алмайды. Яғни бұл мәртебе бір адамға бір рет қана беріледі, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бес жыл ішінде «Көшбасшы» сыйлығы өңірдегі бастамашыл жастарды қолдаудың тиімді алаңына айналған. Жоба қоғамдық белсенділікті арттыруға, жаңа бастамаларды қолдауға және жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал етіп келеді.
Биылғы байқау да түрлі салада үздік нәтиже көрсеткен жастарды анықтап, олардың жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Аяулым Шынгаева





