Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және орман алқаптарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Брифингке Жетісу облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Шынар Мейірманова мен Талдықорған авиациялық бөлімшесінің бастығы Мұрат Базарбеков қатысты.
Шынар Сейсенбекқызының айтуынша, Жетісу облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 1,5 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде 340,2 мың гектар жер орманмен қоршалған. Табиғи қорды қорғау мен күзету жұмыстарын өңірдегі жеті орман шаруашылығы мекемесі жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ орман өрттеріне жедел әрекет ету үшін 11 өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді.
Бөлім басшысының мәліметінше, жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры аумағында алты орман өрті тіркелген. Тілсіз жау шарпыған аумақ көлемі 115,5 гектарға жеткен. Салдарынан мемлекетке келтірілген материалдық шығын 2 миллион 164,8 мың теңгені құраған. Қазіргі уақытта өрттің алдын алу және оның зардаптарын азайту мақсатында бақылау шаралары күшейтілген.
– Орман шаруашылығы мекемелерінің дайындығы толық қамтамасыз етілген. Қазір олардың қарамағында 17 өрт сөндіру автокөлігі, 4 кіші кешенді автокөлік, 48 трактор, 85 патрульдік көлік, 77 мотоцикл, 3 квадроцикл және 180 мінбе ат бар. Бұдан бөлек, 720 су бүріккіш, 79 мотопомпа, 1971 өрт сөндіргіш шапалақ, 399 балта, 98 бензоара мен 1026 күрек сақадай сай тұр. Сондай-ақ, өрт сөндіру техникаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін 7,9 тонна дизель отыны мен 10,8 тонна бензин қоры жасақталған, – дейді Шынар Мейірманова.
Баспасөз мәслихатында айтылғандай, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық әлеуетін арттыру үшін биыл облыстық бюджеттен 381,6 миллион теңге бөлінген. Аталған қаржыға 5 трактор, 5 патрульдік автокөлік, 2 кіші кешенді техника, 9 квадроцикл және басқа да қажетті жабдықтарды сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда бір кіші кешенді автокөлік, 3 трактор, 2 патрульдік көлік пен 2 квадроцикл алынған. Қалған техникаларды жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Базарбек Қожабекұлының айтуынша, өрт қаупі кезеңінде әуеден бақылау жұмыстары да күшейтілген. Бұл мақсатқа «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының «ЕС-145» тікұшағы жұмылдырылып, оған 270 сағат 20 минут ұшу уақыты бөлінген. Әуе кемесінде екі ұшқыш пен тоғыз десант-өрт сөндіруші қызмет атқарады. Сонымен қатар тікұшақ сыйымдылығы 650 литр болатын арнайы су төгу құрылғысымен жабдықталған.
– Орман алқаптарындағы жағдайды бақылау үшін 13 пилотсыз ұшу аппараты, төрт бейнебақылау камерасы және бір өртті бақылау камерасы үздіксіз жұмыс істеуде. Бұған қоса, өрт қаупі жоғары аумақтарда 14 тұрақты бақылау бекеті ұйымдастырылып, олардың қызметі қатаң қадағалауға алынған. Сондай-ақ, биыл бес шақырым жаңа минералды жолақ салу және 1528 шақырым жолақты күтіп-баптау көзделген. Қазіргі уақытта оның 707 шақырымы орындалған. Бұл жұмыстар Жаркент, Алакөл, Үштөбе, Бөрлітөбе, Үйгентас, Талдықорған және Қапал орман шаруашылықтарының аумағында жүргізілуде, – дейді Базарбек Қожабекұлы.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ




