Көксу ауданында прокуратура жүргізген қадағалау қызметінің нәтижесінде 200 гектар құнарлы жер қайтадан мемлекет меншігіне өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ұзақ уақыт бойы бос жатқан, ауыл шаруашылығы мақсатында тиімді пайдаланылмаған аталған жер телімдерінің кадастрлық құны 229 млн теңгеден асады. Бұл шара өңірдегі жер ресурстарын ашық әрі әділ бөлу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
Көксу ауданының прокурорлары жүргізген талдау жұмыстары кезінде мақсатына сай игерілмей жатқан тағы 7 мың гектардан астам алқап анықталды. Қазіргі уақытта аталған учаскелерді де мәжбүрлеп алып қою және мемлекеттік жер қорына толық қайтару мақсатында қадағалау органы тиісті құқықтық акт енгізді.
«Қайтарылған жер телімдерінің барлығы ашық конкурс негізінде бөлінеді. Аталған шешім жергілікті тұрғындар мен адал кәсіпкерлерге мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ Көксу ауданының экономикасын нығайтуға қажетті жер ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді», – делінген Жетісу облысы прокуратурасы тараптарға тарартқан ресми хабарламада.
Прокуратура өкілдері жер ресурстарын ұқыпты пайдалану мен оларды бөлудегі ашықтықты қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда тұрғанын жеткізді.





