Талдықорған қаласындағы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен кезекті брифингте аймақтың балық ресурстарын қорғау бағытында атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесі жарияланды.
Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Ринат Кумашев өңірдегі су айдындарында өткен уылдырық шашу маусымының қорытындыларымен бөлісті. Оның айтуынша, биылғы қорғау шаралары ерекше қарқынмен жүргізілген.
Жетісу облысының су айдындарында, соның ішінде Балқаш-Алакөл бассейні мен Іле өзенінде ағымдағы жылдың 15 сәуірі мен 16 маусымы аралығында балық аулауға қатаң тыйым салынды. Аталған шектеулер Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің арнайы бұйрығына сәйкес енгізілген. Бұл қадам өңірдегі басты балық түрлері – сазан, көксерке және табан балықтардың еш кедергісіз көбеюіне мүмкіндік береді.
«Ағымдағы жылы балық ресурстарының табиғи уылдырық шашуына қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында тиісті мерзімдер белгіленді. Кезеңдегі басты міндет – су жәндіктерінің еркін өрістеуіне жағдай жасау. Балық ресурстарын қорғау тек қағаз жүзіндегі шектеумен шектелмейді. Маусым бойы құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен рейдтер мен патрульдеу жұмыстары күшейтілген режімде жүргізілді. Автожолдарда уақытша бекеттер ұйымдастырылып, заңсыз балық тасымалының жолы кесілді. Кең ауқымды акцияның нәтижесі көңіл көншітпейтін деректерді де ашып берді. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 100 фактісі тіркеліп, 95 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал балық аулау қағидаларын өрескел бұзған 5 дерек бойынша қылмыстық іс қозғау үшін материалдар тиісті органдарға жолданды», – деп атап өтті Ринат Кумашев өз баяндамасында.
Спикердің мәліметінше, заң бұзушыларға 2,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар, табиғатқа келтірілген залалды өтеу мақсатында тағы 3,5 млн теңгеге жуық талап-арыздар қойылды. Браконьерлерден тек айыппұл өндіріліп қоймай, мемлекет пайдасына 4 су көлігі мен заңсыз ауланған 0,6 тонна балық тәркіленген.
Балықтың еркін өсуіне тек браконьерлер ғана емес, су түбіндегі заңсыз аулар мен жағалаудағы қоқыстар да үлкен кедергі келтіреді. Осыған орай, Инспекцияның үйлестіруімен «Таза су айдындары» атты тағы бір маңызды акция өткен.
«Аталған акцияға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті тұрғындар мен еріктілер тобы белсенді қатысты. Жалпы алғанда 544 адам жұмылдырылып, 164 су көлігі мен 108 автокөлік техникасы пайдаланылды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде су айдындарынан 50 шақырымнан астам заңсыз құрылған аулар шығарылды. Ойлап қарасаңыз, бұл – өзен-көлдердің түбін торлап жатқан нағыз «ажал құрығы». Сонымен қатар, жағалаулардан 7,4 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы орындарда жойылды», – деді инспекция басшысы
Уылдырық шашу маусымының қорытындылары Жетісу өңірінде балық ресурстарын сақтау мәселесі басты назарда екенін көрсетті. Мұндай кешенді шаралар тек айыппұл салуды көздемейді, ол – келешек ұрпаққа таза табиғат пен бай су қорын аманаттау жолындағы қадам.
Ринат Кумашев өз сөзін қорытындылай келе, балық ресурстарының табиғи көбеюіне жағдай жасау әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін еске салды. Тек бірлескен әрекет қана Жетісудың інжу-маржаны – Балқаш пен Алакөлдің, Іле мен басқа да су айдындарының берекесін арттыра бермек.
Мәулен Әнербай





