Талдықорған қаласындағы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өңірдегі автомобиль жолдарының жай-күйі мен даму перспективаларына арналған брифинг өтті. Жиынға сала мамандары қатысып, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өңірдегі жол инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, бірнеше ірі жоба іске асырылу сатысында тұр.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 92,1 пайызы жақсы жағдайға жетті. Биыл 1050,2 шақырым автожолдың 136 шақырымын жөндеу жоспарланған. Осы мақсаттарға жалпы сомасы 27 миллиард теңге бағытталды. Аталған қаражаттың 16,6 миллиарды күрделі жөндеуге, 8,5 миллиарды орташа жөндеуге, ал қалғаны күтіп-ұстау жұмыстарына жұмсалмақ.
«Ағымдағы жылы ұзындығы 7 шақырымды құрайтын «Сарыөзек станциясының айналма жолының» күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Алматы – Өскемен» автожолының 213-234 шақырым аралығында ауқымды жұмыстар жүруде. 2025-2027 жылдарға жоспарланған осы жобаның жалпы құны 28,8 миллиард теңгеге бағаланған», – деді Жасұлан Келімбетұлы өз баяндамасында.
Қазіргі уақытта «Алматы – Өскемен» тасжолында 400-ден астам жұмысшы мен 221 техника еңбек етуде. Жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында реверсивті қозғалыс ұйымдастырылған. Сондай-ақ, «Талдықорған айналма жолының» 28 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда, бүгінгі күні оның 19 шақырымына асфальт төселді.
Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов жергілікті маңызы бар жолдардың жайы туралы ақпарат берді. 2026 жылға облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 49,7 миллиард теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен 382 шақырым жол мен елді мекен көшелерін жаңарту көзделген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Балқаш көлінің жағалауына апаратын жолдар мен «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына баратын жолға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Бұрхан бұлақ» бағытындағы жобаның құны 13,8 миллиард теңгені құрайды, іске асыру мерзімі 2025-2027 жылдар аралығын қамтиды. Сонымен қатар, өңірдегі апатты деп танылған көпірлер мәселесі де шешімін табуда. 15 көпірдің 5-еуі пайдалануға берілсе, қалған 10 нысанда қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, «Алматы-Өскемен-Молалы-Үштөбе» жолындағы көпір жұмыстары 85 пайызға орындалған», – деп Айдос Манасұлы туристік бағыттардағы жұмыстарды ерекше атап өтті.
Жетісу облысы Полиция департаменті жол-техникалық инспекциясы бөлімінің инспекторы Диас Молдабергенов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына назар аударды. Жолдарды күтіп-ұстау аясында 1,963 миллиард теңге бөлініп, шұңқырларды жөндеу, жол белгілерін орнату және таңбалау жұмыстары жоспарлы түрде атқарылуда.
Қауіпсіздікті арттыру мақсатында облыс жолдарында 4 автоматтандырылған өлшеу жүйесі орнатылды. Орташа жөндеу жобалары аясында Талдықорған айналма жолына 500 дана, ал Қонаев-Талдықорған бағытына 400 дана жарықтандыру тіректерін орнату қарастырылған.
Жолаушылар тасымалы саласында да ілгерілеу бар. 2025 жылы тасымалдаушылар өз қаражаты есебінен 45 жаңа автобус сатып алса, биыл тағы 12 бірлікті жаңарту жоспарланған. Теміржол саласында 9 вокзалды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Туристік маусымда Үшарал әуежайы Астана мен Алматыдан аптасына 7 рет рейс қабылдайды, бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 289 миллион теңге бөлінді.
Жиын соңында спикерлер жол-көлік оқиғаларын азайту және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыру жолдарын жеткізді. Облыс басшылығы мен жауапты мекемелер жол сапасын бақылауды бес сатылы жүйе арқылы жүзеге асырып, мердігерлерге қойылатын талапты күшейтіп отыр.
Мәулен Әнербай





