Қуанса, бала қуансын. Талдықорғанда 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай жетісулық жастар «Айналайын» үйінің өрендерін ойын-сауық орталығына апарып, көңілдерін көтерді. Қоқыс өткізуден тапқан ақшаны жеткіншектердің демалысына жұмсаған еріктілердің ерлігі көпке үлгі.
Ойын-сауық орталығында асыр салған балалардың қуанышында шек болмады. Езулеріндегі күлкі олардың өмірге дән риза екендерін жеткізіп-ақ тұрғандай. Мұндай сауапты істі «Жетісу жастары» орталығының қызметкерлері жасады.
Өткен аптада «Жетісу жастары» орталығының қызметкерлері сенбілік өткізіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жиналған 700 келіге жуық тұрмыстық қалдықты сұрыптап, қайта өңдеу орталығына өткізді. Одан түскен қаражатты балалардың демалысына жұмсап, игілікті іс жасады.
– Бұған дейін «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілерін кинокөрсетілімге апарғанбыз. Алдағы уақытта Жетісу облысының сакралды орындарына, музейлеріне, мәдени орталықтарына апару жоспарымызда бар. Сонымен қатар, Балаларды қорғау күніне орай үлкен отбасылық спорттық шара өткізбекпіз, – дейді «Jetisu jаstary» КММ директоры Еркебұлан Ақболатов.
Қайырымдылық шарасына 3-12 жас аралығындағы 45 бала шақырылыпты. Бүлдіршіндер осындай жақсылық жасаған аға-әпкелеріне дән риза.
Ұйымдастырушылар суға түсу маусымы басталса, балаларды ірі демалыс орталықтарына апаруды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылмақ.
Медет ЖҰМАБАЙ





