Жол-көлік оқиғасынан кейін сақтандыру компаниясы тиісті өтемақыны төлемей, істі созбалаңға салса, жүргізуші өз құқығын заңды түрде талап ете алады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengri Auto сайтына сілтеме жасап.
Әдеттегі жағдай: жол апатынан соң жүргізуші барлық құжатты тапсырады, көлік тексеріліп, залал мөлшері анықталады, бірақ ақша соңында түспейді. Күту уақыты айлап, тіпті жарты жылға созылатын сәттер кездеседі. Мұндай жағдайда сақтандыру компаниясын заңға бағындырудың нақты жолдары бар. Заңгер Абзал Қасымжанов заң бойынша сақтандыру өтемақысы қай уақытта төленуі тиіс екенін және талап орындалмағанда қайда жүгіну керектігін түсіндірді.
Сақтандыру компаниясына қанша уақыт беріледі?
Міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес, сақтандырушы қажетті құжаттардың толық пакетін алған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде төлем жасауға міндетті. Уақытты ЖКО болған күннен емес, құжаттар ресми тіркелген сәттен бастап есептеген жөн. Сондықтан жүргізуші өтініш көшірмесі мен құжаттар тізімдемесінің қашан тапсырылғаны туралы растаманы сақтап қоюы қажет.
15 жұмыс күні өтсе де төлем жасалмаса не істеу керек?
Егер белгіленген мерзім өтіп кетсе, төмендегі алгоритм бойынша әрекет ету ұсынылады:
-
Істің тарихын жинақтаңыз: ЖКО құжаттары, өтініш көшірмесі, бағалау нәтижелері мен хаттарды реттеңіз.
-
Жазбаша талап қойыңыз: Сақтандыру компаниясына өтемақымен бірге мерзімді өткізіп алғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етіп хат жазыңыз.
-
Сақтандыру омбудсманына жүгініңіз: Төлем мөлшеріне дау туса немесе бас тартса, соттан тыс тәртіппен шешетін омбудсманға өтініш жолдаңыз. Омбудсман шешімі сақтандыру компаниясы үшін міндетті.
-
ҚНРДА-ға шағымданыңыз: Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) нақты шағым жолдап, тексеріс талап етіңіз.
-
Сотқа жүгініңіз: Барлық қадам нәтиже бермесе, сот арқылы төлемді, тұрақсыздық айыбын және сот шығындарын өндіріп алуға болады.
Кідіріс үшін айыппұл мен тұрақсыздық айыбы
Сақтандыру төлемі кешіктірілсе, Азаматтық кодекстің 353-бабы бойынша Ұлттық банктің базалық ставкасы негізінде тұрақсыздық айыбы есептеледі. Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 229-бабына сәйкес, төлемді уақтылы төлемегені үшін сақтандыру компаниясына 100 АЕК (2026 жылы 432 500 теңге) көлемінде мемлекет пайдасына айыппұл салынуы мүмкін.
Сақтандырушының «ішкі тексеріс жүріп жатыр» деген сөзі төлемді кешіктіруге негіз болмайды. Егер зақымдар тексеріліп, тіркелген болса, жүргізуші ТҚО тапсырыс-нарядын, чектерді сақтай отырып, көлікті жөндеуге беруге құқылы. Тек барлық әрекетті құжат түрінде айғақтап отыру маңызды.





