Шын ақын басқа мамандық иелері тәрізді бірте-бірте қалыптаспайды, ақын бірден ақын болып туады. Құм ішінде жылтыраған алтынның түйіршіктері тәрізді ондай ақындардың қанатқақты өлеңдерінің өзінен таланттың ұшқыны байқалып тұрады. Санжар інімнің өлеңдерінен нақ сондай тума дарынның нышандарын байқадым.
Шын ақын негізінен ауылда туады. Қоймен бірге ой бағып, қара түнде жұлдызы жыпырлаған тылсым аспанға көз жіберіп, арманшыл болып өседі. Санжар да жер жаннаты Жетісу жерінің арайлы Алакөл ауданында, соның Бұлақты деген аядай бір ауылында дүниеге келіпті. Ес білгеннен еңбекке араласып, қой да баққан, бие мен сиыр да сауып, тіршіліктің жайын қамдаған.
Бала дарын көкейіндегі асқақ арманын, тіршіліктің мұң-шерін қаншама ақтарғысы келсе де қисынын келтіре алмай бұла сезімге булығып өседі. Сол булыққан сезімінің алып көлдің суындай болып ақтарылатын кезі енді келе жатқан сияқты.
Алғашқы қадамы да жеміссіз емес. Қазірдің өзінде облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жүлдегері атанып, «Ауыл академиясы» атты алғашқы жыр жинағын шығарып үлгерді. Дипломды журналист атанатын бақытты сәті де жақын қалды деуге болады. Шын мәнінде енді ғана басталған шығармашылық сапары алдағы уақытта да осылайша сәтті жалғаса берсін деп тілеймін.
Баяғыда бір мықты «Ақынның өлеңін құр мақтай берудің қажеті жоқ, өлеңдерінен мысал келтіріп отырғанның өзі жеткілікті» деген екен. Сол айтқандай, Санжардың бір ғана өлеңінен мысал келтіре кетейік.
Жас талап «Нан» деген шағын ғана өлеңінде көрші үйден қарызға жарты нан алып жеген кездерін еске алады.
Шарбағына көршінің артылам кеп,
Ал жеңгей нан бере ме?
Ол күмән боп.
…Бүтін нанға жарымай
қойдық па, ана,
Кешке дейін қарызға жарты нан жеп.
Айтамын күз деп соны,
Сол күздің жібімейтін мұз боп шері.
«Жарты нанды қайтар»
деп жеңгей сосын
Кеш кірместен келетін іздеп сені.
Қайғырсаң жоқты қайғыр,
Тоңазымай таңдар да
атты қай бір?..
Орнына енді ойсырап олқы түскен
Осындайда көкемнің
жоқтығы-ай бір, –
деген жас баланың сол кездегі күйінішті сезімін түсінуге болады. Тебіреністі тағдыр, шешімі табылмастай тығырықты мәселе.
Әйтсе де ешнәрсе мәңгілік емес… Жастың да өсетін, жарлының да бақуаттанатын кезі болады. Тығырықтан қалай шығамын, құлынымды қайтсем адам қыламын деп шырылдаған ана бүгінде дүниеден өтіп кеткенімен үміт күткен ұлы ержеткен. Азамат ұлдың қазірде нан сұрап жаутаңдаған өзге бір балдырғанға көмектесе алатындай қауқары бар.
…Қуанғаннан айтылсын
күнде «алақай!»,
Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай!».
Бір нан артық аламын бүгіндер мен,
Сұрап қалса берем деп бір балақай.
Шешем солай өмірге өкпеледі…
Жағдайын «бар» демеді ол,
«жоқ» демеді.
Нан іздетпей анаңа, менен сұра,
Менің анам нан іздеп кеткен еді…
Содан бері оралған жоқ…
Иә, бұл өлеңге түсініктеме берудің қажеті жоқ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, шумақтарынан мысал ғана келтірсе жеткілікті.
Бір қуанатыным, Санжардың көп өлеңі осылайша тебіреністі, толқынысты өріледі. Соған орай бізге жас талаптың бетін қақпай белін буу, оған алдағы уақытта жарқын болашақ тілеу мәселесі ғана қалатындай.
Бүгінде 21-ге жаңа толған жас Санжар талай тарлан таланттың бағын ашқан ата басылым, 107-ге келген «Жетісу» газетінің шаңырағында журналистік қызмет атқарады. Жақсылықты жар сала дәріптеп, болашағынан үміт күттіретін жастарды дәйім қолдап, демеп жүретін газет ұжымына тап болғанын таптырмас бақыты санайды.
Ендеше жолың болсын, жас талант! Шығармашылықтағы жолың қашан да ашық, даңғыл болсын деп тілеймін.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ