Артериялық гипертензия (АГ) – әлемде денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің біріне айналды. Кесел тек жеке адамға емес, сонымен қатар бүкіл қоғамға әсер етуде. Ауру жүрек-қантамыр жүйесіне әсер етіп қана қоймай, адам ағзасының басқа мүшелеріне де кесірін тигізуде. Гипертензияның асқынулары жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі.
Инсульт, миокард инфаркт, жүрек жеткіліксіздігі сияқты жағдайлар гипертензияның дер кезінде емделмеуінің салдарынан туындайды. Сондықтан бұл ауруды уақытында анықтап, дұрыс емдеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, әлемде 1 миллиардтан астам адам гипертензия дертіне шалдыққан. Бұл сан жыл сайын артып келеді. Себебі, өмір салтының өзгеруі, урбанизация, семіздік, физикалық белсенділіктің аздығы және дұрыс тамақтанбау сияқты факторлар аурудың таралуына әкеліп соғуда. Әсіресе, гипертензияның таралуы дамыған және дамушы елдерде жоғары. Артериялық гипертензияның пайда болуына әсер ететін негізгі қауіпті факторларына генетикалық бейімділік, яғни ата-ананың немесе жақын туыстардың гипертензиямен ауыруы да себеп. Тұзды көп тұтыну – ағзадағы сұйықтықты ұстап қалып, қан қысымының жоғарылауына әкеліп соғады.
Артық салмақ және семіздік – жүрекке салмақ түсіріп, қан қысымын жоғарылатады. Физикалық белсенділіктің төмендігі – метаболизмді бұзып, жүрек-қантамыр жүйесінің әлсіреуіне себепші болады. Темекі шегу мен алкогольді шамадан тыс тұтыну қан- тамырларын зақымдап, гипертензия қаупін арттырады.
Күйзеліс пен психоэмоционалды жүктеме – қантамырларының тарылуы мен қан қысымының көтерілуіне әсер етеді. Аурудың алдын алу және емдеу үшін өмір салтын дұрыс ұстану керек. Бұл үшін жеміс-жидек, көкөніс, пайдалы майлар мен талшықтарға бай тағамдарды көп пайдаланған жөн. Тұзды күніне 5 граммнан артық пайдаланбау керек. Тұрақты түрде физикалық белсенділікпен айналысқан жөн. Күніне кемінде 30 минут жүру керек. Жаны саудың –дені сау. Адамның жүйке жүйесі дұрыс болмаса жүрек қағысы өзгереді. Ол қанның бірқалыпты айналмауына әкеліп соғады. Сондықтан жүректі сақтау үшін көп ашуланбай, жүректі «тулатпай» өмір сүрген дұрыс. Күйзелісті болдырмау үшін медитация, йога, демалу техникаларын тұрақты түрде орындап тұрса құба-құп. Қан қысымын үнемі бақылау және дәрігерге уақытылы қаралып тұру да сырқаттың алдын алуға әсер етеді. Дәрі-дәрмекті уақытында қабылдап, маманның айтқанын орындау қатерден сақтайды.
Кешенді емдеуге көңіл бөлу керек. Бұл – дәрілік және дәрілік емес әдістерді алмастыра отырып, ем-дом жасау.
Артериялық гипертензия – адам өміріне қауіп төндіретін қауіпті сырқат. Сондықтан кеселді ерте анықтап, алдын алу шараларын жүргізіп тұру керек. Салауатты өмір салтын ұстану – гипертензиямен күресудің тиімді жолы.
Айсұлу Серікболатқызы
ШЖҚ «Талдықорған жоғары
медициналық колледжі» МКК МІ 412-топтың студенті
Фото: dramedical.ru