Бұрынғы «Жерұйық», демек, қазіргі «Жетісу» газетінде біраз жыл журналистік қызмет атқарған көрнекті ақын жерлесіміз Жұматай Жақыпбаевтың «…деген екен!» орайында айтқан әңгімелері баршылық. Ондай аңыздардың бірқатары араларындағы жас айырмашылығына қарамай құрдастарша қалжыңдаса беретін аға досы Әбен Дәуренбековке қарата айтылады. Журналистер мерекесіне орай сондай әңгімелердің бір тобын оқырман назарына ұсынамыз.
«Импортный» әке
Әбен ағаның тұңғыш қызы дүниеге келіп, әріптестер соның шілдеханасына жиналып отырғанда Жұмағаң:
Айналайын Гүлзадам,
Айтайын саған бір жаңа ән.
Әкең сенің импортный –
Поштамен келген Құлжадан, – деген екен. Мұнысы Әбекеңнің
көп жыл бұрын Қытай жағынан қоныс аударғанын меңзегені.
Мамаңа айтшы…
Сол Гүлзада апыл-тапыл жүре бастаған кезде Жұмағаң Әбен ағаның үйіне келе қалады. Кешегі бір тойдан кейін басы ауырып отырған ақын ойындағысын жасырмай:
Келетін ағайының бар алыста,
Мықты болсаң үйіңде арақ ұста.
Мамаңа айтшы – жүз грамм құйып берсін Жұматай Жақыпбаев товаришқа! – деген екен.
Гастроном
Бірде Әбен аға біраз күтіп «Жетісу» шағын ауданындағы бір үйдің төртінші қабатынан екі бөлмелі пәтер алады. Әлгі үйдің астыңғы қабатына тұтас гастроном, яғни азық-түлік дүкені орналасқан екен. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда Әбекең:
– Жұматай, сен осы гастрономға ұйқастырып бір өлең шығаршы, – дейді. Сонда серігі рахаттана бір күліп алып: «Бұл үйдің үсті де дом, асты да дом, қасында тиіп тұр ғой гастроном», – деп суырып салады.
– Ал, қайсысын аламыз? – дегенде «Қасында еріп жүрсе екі-үш сыра, арақтың төресі ғой «Экстра», – деп жалғастырыпты.
«Аш құлақтан – тыныш құлақ…»
Сәкен Иманасов облыстық партия комитетінде қызмет істеп жүргенде екі-үш ай бойына жұмыссыз жүріп қалған Жұматай ақынға жанашырлық көрсеткісі келіп жігіттерден: «Редакцияға соқса маған кіріп шықсыншы, жұмыс қарастырып көрейін», – деген сәлем айтады.
Бұл кезде Жұмағаңның сақал-мұрт жіберіп жүрген кезі екен. «Араб шейхтерінен аумай қалыпсың», – деп жүрген жігіттер. – Сәкеңе барсаң сақал-мұртыңды қауғадай қылмай, қырғызып бар. Обкомдағылардан ыңғайсыз болар,– деген мазмұнда ақыл айтады.
Мұндай ұсынысқа бірден елп ете қалса Жұматай Жұматай бола ма, «Жарайды, барып көрейін!» деудің орнына: «Сәкең бірден жұмыс тауып бере қойса жақсы, тауып бермесе не жұмыс жоқ, не сақал-мұрт жоқ, сымпиып қала бермеймін бе, одан да «аш құлақтан – тыныш құлақ», осылай жүре берсем қайтеді?», – дейтін көрінеді.
Сақал
Жұматай ақынның қырыққа келгенде жеке баспанаға ие болып, сақал-мұртын жіберіп, қызметсіз, шығармашылық жұмыста әндетіп жүрген кезі. Осындай бір тұста Оспанхан Әубәкіров ағасы жолығып, қояр да қоймай үйіне ертіп барады.
Ағалы-інілі екеуі біраз желпінеді, серпіледі. Жұматай да сақал-мұртын сипап қойып, тарихтың тереңінен, бүгіннің дерегінен сыр тартады.
Інісінің сөзіне де, өзіне де риза болған Осағаң:
– Әй, бала, менің атымда не көше, не мектеп, не ауыл, не қала жоқ. Сен ана сақалыңды «Оспанхан Әубәкіров атындағы» десең қайтеді?» деп жата жабысыпты.
– Қария, бұл сақал-мұрт қымбатқа түседі. Сіздің атыңызда болған соң оның күтімі де сізден ғой, әрине. Қырып, қиып, майлап, тарап жүру де оңай емес дегендей… – дейді Жұматай.
– Бар шығынын өзім көтеремін. Алғашқы өтемі мынау болсын, – деп Осағаң інісіне сол тұста таптырмайтын, модаға айналған су жаңа джинси шалбар сыйлайды.
Осағаң 1985 жылы дүниеден озды. Жұмағаң сақалын қырып тастады. Күтімі келіспеді-ау, шамасы. Бағбансыз бақтың бағасы бола ма?
Ұлы күйші
Жұмағаң домбыраны шебер ойнайтын. Оның «Ләйлә келген», «Зайда көрген», «Қосбасар» сияқты күйлері жан-жүйкеңді босатады. Әйтсе де Жұмағаңның домбыраны күйге келтіріп, баптауы ұзақ еді. Ол осы екі ортада күйшілер жайлы, күй табиғаты туралы біраз ойлар, толғамдар тарататын.
Бірде Асқар Сүлейменов екеуі күй туралы әңгіме қозғап желпінісіп тұрса керек. «Кім ұлы күйші?» деген сұраққа келгенде Жұмағаң «Менен артық күйші жоқ», – деп Асекеңе ерік бермесе керек. Әрі-бері айтқанға көнбеген соң Асқар – Асекең:
– Е, мейлі, ұлы күйші болсаң бола ғой. Бірақ, өзіңнен кейінгілердің қатарына жас баланың маңдайындай былқылдаған Төлеген Момбековті де қоса салшы, – деп өтініпті.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ