Талдықорғанға жылу берілді. Қазіргі таңда 765 көппәтерлі тұрғын үй, 210 бюджеттік мекеме, 1 286 жеке тұрғын үй және 900-ден астам өзге де нысан орталық жылу жүйесіне қосылған. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Басқуат» қазандығы мен басқа да жылу беретін нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылыту маусымының бүгінгі жағдайын білу үшін бірнеше жылу қазандығын аралап, бағамдап қайттық.
– Былтыр Дарабоз ана, Абай, Қабанбай батыр, Балпық би, Алдабергенов және Төлебаев көшелеріндегі 2,9 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде қаланың орталық бөлігі мен «Қаратал» шағынауданындағы бірқатар нысан кварталішілік қазандықтарға ауыстырылып, «Басқуат» қазандығына түсетін жүктеме 12 пайызға төмендеді, – дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.
Қалада соңғы 5 жылда, 5 қазандық газ және сұйық отынға көшірілді. Былтыр №4 кварталдық қазандық (қуаты 30 Гкал/сағ.) көмірден газға ауыстырылып, экологиялық тиімділік артты.
– Бүгінде «Басқуат» қазандығында 4 қазандық бар. Биыл №1 және №3 қазандыққа күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Шамамен 60 тоннаға жуық құбыр ауыстырылды. Бүгінде тәулігіне шамамен 500-600 тонна көмір жағылады, 45 күндік қатты отын қоры бар. Алдағы уақытта 15 мың тонна қатты отын алу жоспарланған, – дейді «Талдықорған жылу сервис» КММ басшысының орынбасары Дидар Сапиров.
Қуаты сағатына 49 Гкал болатын жаңа қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 11,1 млрд. теңге. Нысан келесі жылғы жылыту маусымы басталғанша пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл қазандық іске қосылған соң «Болашақ», «Бірлік», «Көктем» және «Құлагер» шағынаудандары қосылып, «Басқуат» қазандығының жүктемесі тағы 30 Гкал/сағ. төмендейді. Рейд барысында «Болашақ» шағынауданы аумағында салынып жатқан жаңа жылу қазандығының жұмысымен де таныстық. Құрылыс қарқынды әрі сапалы жүріп жатқанын байқадық.
Қала бойынша 137 әлеуметтік нысан бар, оның 17-сі автономды режимде жылытылады. Барлық нысан қажетті отынмен толық қамтамасыз етілген. Мектептер мен медицина мекемелеріне дизель, көмір және газ отыны жеткізіліп, жылыту маусымы апатсыз әрі штаттық жағдайда өтуде.
Шаһар тұрғындарының көмірге қажеттілігі 65,6 мың тоннаны құрайды. Қала аумағында 12 көмір қоймасы жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда тұрғындардың шамамен 80 пайызы қатты отынмен қамтамасыз етілген.
– Қалада атаулы әлеуметтік көмек алатын 724 адамның ішінен қатты отынмен жылытылатын 157 отбасы анықталды. Оның 141-і (89%) 531 тонна көмір сатып алды. Сондай-ақ, 12 отбасына демеушілер есебінен 24 тонна көмір жеткізілді, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Қала билігі мен коммуналдық мекемелердің үйлесімді жұмысы нәтижесінде тұрғындар мен әлеуметтік нысандар жылумен толық қамтамасыз етілген. Алдағы кезеңде жаңадан салынып жатқан заманауи қазандықтар іске қосылса, Талдықорғанның жылу жүйесі әлдеқайда тиімді әрі экологиялық таза деңгейге көтеріледі.
Қажет АНДАС





