Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Әңгіме барысында қазақ-беларусь қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды. Тараптар саяси диалогтың жоғары деңгейде өрбігенін және сауда-экономикалық, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Минскіде өтіп жатқан Еуразиялық қауіпсіздік жөніндегі конференцияның маңызына тоқталып, аймақтық тұрақтылық пен өзара сенім орнатудағы Беларусьтің рөлін ерекше атап өтті.
Әңгіме соңында тараптар алдағы бірлескен іс-шаралар аясындағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға уағдаласты.





