Адам қылып жаратқан соң пенде атаулы қателеседі, адасады, жығылады. Өткеннің өкінішінен сабақ алып, алдағы күндері кездесуі мүмкін тіршіліктің ұйығына түсуден сақтанады. Өмір сонысымен құнды, сонысымен қастерлі. Бірақ ұдайы қателесе беру дұрыс емес.
АҚШ-тың 26-шы Президенті Теодор Рузвельттің «Ақымақ өзінің қателігінен, ақылды өзгенің қателігінен сабақ алады» деген қанатты сөзі бар. Рас айтылған. Осыған қарап халқымыздың ұлттық менталитеті ертедегіден көп өзгергенін, сананың ақылдан алыстап кеткенін байқау қиын емес. Әйтпесе көршілес Қырғызстандағы, шалғайлау Украинадағы бүліктер бізді біраз нәрсеге үйретуі керек еді. Бірақ күллі әлемге әлі де балаң қалыптан айнымағанымызды көрсетіп алдық. Оның мысалы қазір үлкенге құрметтің жоғалғанынан, танымасты сыйламастықтан, құзырлы лауазымды мен мол ақшалыны әспеттеуден анық байқалады. Одан бөлек, қанымыздағы қарақшылық, озбырлық, тонаушылық сынды жағымсыз әдеттердің белгілері жоғалмағаны өкіндіреді.
Биылғы қаралы қаңтардың қарасуығы қазақтың басындағы қате-кемшілік тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан қалыптасқанын анық көрсетті. Әрине, оған ұлттық идеологияның дұрыс жүрмегені тікелей себепкер. 1990 жылдардан бастап телеарналарды жаулаған шетелдік сериалдар жастардың дүниетанымына тікелей қатысты қазақы тәрбиені, ұлттық құндылықты аяқасты етті. Соның кесірінен халқымыздың ақсақалдық институты күйреп, ұрпағының болашағынан үмітін үзбеген абыз қарттардың тәлім-тәрбиесі үзіліп қалды. Ең өкініштісі, бұдан кейін ол мүлде жоғалуы мүмкін.
Ең бір өкініштісі, шетелдік дүниетаным сыбайлас жемқорлық, есірткі тасымалы, лаңкестік, порнография, феминизм, гейлер, лесбиянка сияқты аса жағымсыз құбылыстарды елімізге жеткізіп, талай тағдырды тас-талқан етті. Осынау салалардың ішінде бізді алаңдатып отырғаны – терроризм-лаңкестік. Оның көрінісін соңғы күндердің бедерінен іздер болсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға 20 мың терроршы кіргенін айтудан басталды. Анығын бір Жаратқан Алла біледі, бірақ солардың кесірінен 225 азамат оққа ұшып, көптеген шаңырақ шайқалды.
Қалай болғанда да пропан газ бағасының қымбаттауынан шыққан толқудың соңы осылай қалыптасты. Мемлекеттің іргесін бұзып, шаңырағын шайқалтқысы келетіндердің әрекеті кесілді. Қарапайым халық арандатушылардың әрекетінен зардап шекті. Нағыз лаңкестік осы болса керек.
Облыстық дін істері басқармасында біраз жыл еңбек етіп, білім жетілдіру жолына түскен Тимур Нүсіпханұлы қазір Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры қызметін атқарады. Білікті маман жақында «Деструктивті уағызшылардың елдегі дүрбелеңге қатысы бар ма?» деген мақала жазып, Қазақстандағы діни ағымдардың мақсатына шолу жасапты. Ханафи мазһабы мен Матуриди ақидасын ұстанбайтын теріс көзқарасты жамағаттың уағыз-насихатты интернет желісі арқылы алып отырғанына, білімсіздікпен жат ағымның жетегіне ілескен жастарға діни сауаттылықтың жетіспейтініне тоқталған маман елімізді «тағұт мемлекеті», яғни, шайтан билік құрған кәпірлер мемлекеті деп есептеп, өскелең ұрпақты адастырған теріс ағым уағызшылары негізгі 6 бағытты мысал ретінде алатынын айтады. Олар сайлауға шақыратын демократияны ұстану күпірлік, парламенттік жүйе күпірлік, құқық қорғау саласындағы қызметкерлер кәпір, Орта Азия Президенттерінің бәрі адасқан, күні кешегі орын алған көтеріліс, тонау, ұрлық секілді қылмыстарды пайдаланып, мұсылмандарды өлтірді деп айыптау. Осындай ұстанымды теріске шығару мақсатында Құран мен сүннеттен дәлел келтіріп, лайықты жауап берген дін маманы көпшілікке қарата: «Қандай да бір діни сұрақ мазалап түсінбесеңіз, оны тиісті маманнан сұрап білгеніңіз дұрыс болар. Құдайға шүкір, бүгінде барлық мешіттерімізде білімді имам ұстаздар қызмет етуде, мемлекеттің дін істері басқармаларында ақысыз сенім телефондары 7 күн, 24 сағат жұмыс істейді. Сондай-ақ, әр өңірде тікелей дін саласына жауапты теологтар бар. Жалпы айтқанда барлық мәселе қамтамасыз етілген, тек оқып-біліп, интернеттегі теріс насихаттан сақтансаңыз болғаны» – деп ой тұжырады.
Иә, соңғы он шақты жылдың бедерінде елімізде бірнеше лаңкестік әрекет орын алып, талай боздақ жан қиды. Солардың ішінде Таразда 5 полицей, 2 бейбіт тұрғынды өлтірген Мақсат Кариев пен Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік департаментіне шабуыл жасап, 10 адамның жанын қиған Руслан Күлекбаевтың қанды әрекетін ешкім ұмытпайды. Осы оқиғалардың бәрінде де теріс діни көзқарас жатқандығы анық. Сондықтан алдағы күндері ел «қаралы қаңтар» атап кеткен оқиғаның негізгі бүлікшілері анықталып, лаңкестердің дерегі жарияланады деп сенеміз.
Мәди АЛЖАНБАЙ,
Алматы облысы





