ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр».
«Уәде – құдай сөзі»! Бабамыздан қалған қорғасын ой! Ал уәденің орындалуымен құнды екенін есті адамның бәрі біледі. Бұлай сөз бастауымның себебін де айта кетейін. Күз – береке айы. Қамба дәнге толып, қырманда қызу тірлік қайнап жататын кез. Осы тұста біз де рухани қамбамызды толтырудың қамына кірісеміз. Яғни, баспасөзге жазылу науқанын бастаймыз.
«Тон – жағасыз, ел – ағасыз» болмайды деген аталы сөзді арқа тұтып, ең әуелі аудан әкімдерімен жүздесеміз. Газетімізде жиі жазып жүргенімізбен өңір басшысымен тілдесіп отырғаннан кейін ауданның тыныс-тіршілігін тағы бір саралап өтеміз. Желпінткен жетістіктер, көңіл ортайтқан кемшіліктер да айтылады. Дегенмен жүйелі жұмыс өз жемісін береді емес пе? Әр аудан облыс дамуына қал-қадерінше үлес қосып, әлеумет әлеуетінің жақсаруына, экономика қарқынының бәсеңдемеуіне, саяси ахуалдың тұрақтылығына, елдің жағдайының жақсаруына жұмыс істейді. Осы тұста айта кетсек, жұрттың жағдайы, тұрмыстың түзелуі, ауылдың көркеюі, қаланың ажарлануы, жалпы тұрғындардың жақсы өмір сүру салтының бір діңгегі – адамның рухани әлемі, жан дүниесінің байлығы, нақты ақпаратқа қол жеткізуі де маңызды. Ол үшін әр оқырман басылымнан тыс қалмауы керек.
Газет – билік пен бұқараның ортасындағы алтын көпір десек, барлық аудан әкімі өзі басқарып отырған өңірдегі жұртпен жүйелі жұмыс істеп, тұрғындармен тіл табыса отырып, аймақтағы идеологияның басты құралы – баспасөзге жазылуға қолдау көрсеткені жөн. Басылым басшылығы мен журналистер қауымы аудан әкімдерімен кездескенде осы жағына басымдық береміз. Өйткені, бәріміздің илеп отырғанымыз бір терінің пұшпағы. Сөз – шындықтан бұзылмайды! Қу шөппен аузын сүртіп шығарып салатын аудан әкімі жоқ! Бәрі қолдан келгенше қолдау көрсетуге уәде береді. Өздері де жұмыс күндерін газетке шолу жасаудан бастап, облыстық басылымның оқырманы екенін айтады. Енді, міне, жыл аяқталып келеді. Әр ауданның жақсылығына жаршы болып жүргенімізді алға тартып, өңір басшыларына «Уәде – құдай сөзі!» екенін ескертуге тура келіп тұр. Облыстың дамуы үшін барлық салаға қолдау көрсетіліп жатқаны сияқты, билік тарапынан газетке де көңіл бөлінуі керек. Осы арада өткен жылдары ел рухын дүр сілкіндірген режиссер Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ» фильмі жайлы айта кетейік. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Міржақып, Жүсіпбек сынды, тағы басқа Алаш арыстары «Қазақ» газетін шығаруды қолға алады. Бай-манап, би-болыстардың басын қосып, қаржылай қолдау көрсетуін сұрайды. Сынықты сылтау еткендер кері кетсе, ұлт болашағын, ұрпақ қамын ойлағандар Ахаңның қасынан табылды. Көркем туынды болғанымен тарихи шындық екені даусыз. «Тарих қайталанады» деген рас екен. Қазіргі баспасөз саласына дәл осындай қолдау қажет. Әр әкім – сол өңірдегі басты идеолог. Мемлекеттік қызметкер, мектептегі мұғалім, емханадағы дәрігер басылымға жазылуды қолдауды «күштеу» деп қабылдамауын дұрыс жеткізе білгені дұрыс. Сонымен бірге, өз өңірінен шыққан кәсіпкерлермен де тіл табысып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларын баспасөзбен қамтып, яғни көпбалалы әулеттің газет оқуына себеп болып жатса қандай жақсы?! Қалталы азаматтардың атымтай жомарттық танытып, өзі өмір сүріп отырған ортаның газет оқуына мұрындық болуы әлемдік тәжірибеде бар дүние. Соны қазақ неге жасамасқа?! Асық ойнап, ләңгі теуіп, доп қуалаудың орнына телефонға телміріп қалған қоғамда сауатты ұрпақ қалыптастырудың бірден-бір жолы ауылдағы ағайынды бір сәт газет қарап, жорнал ашып, кітап парақтауына ықпал ету. Ол, әрине, әкімнің ғана қолындағы шаруа емес, кез келген жанашыр жанның, ұрпағын ойлаған ойлы адамның қарекет жасауына болатын іс. Бірақ осыған елдің тізгінін ұстап, көшін бастап отырған әкім мырзалар өздері бірінші ұйытқы болса деген ой ғой біздің гәп.
Жасыратыны жоқ, қазір цифрлық технологияның қарқынды дамыған дәуірі. Күн сайын сұмдық өзгерістерді алдыңызға жайып салып отырған «Жасанды интеллект» бабаларымыз онсыз да «Әй, жалған дүние-ай!» деп кейіген бес күндік дәуренді тіптен алдамшы сағымға айналдырып жіберді. Рас, жасанды интеллект адамзат ақыл-ойының жемісі, ғылымның жетістігі. Бірақ біздің қоғамда көбі оған ғылым ретінде емес, нәпсі құмарлығы ауанында қарап, ойына келгенін істеп жатыр. Бұған білім көзімен зер салып, ішінен ілім іздеп жатқандардан көрі арам ойын іске асырып, алаяқтық жасайтындар көп-ақ. Осындай алмағайып уақытта бір замандары әр оқырманның қолында, қойшының қойынында жүріп оқылатын баспасөз саласы қалтарыста қалып бара жатқаны шындық! «Басылымға деген ықылас неге жоғалып барады?» деген сауал қойсаңыз, жұрттың аузында таптаурын жауап, жаттанды сөз: «Бәрі әлеуметтік желіде тұр. Газет оқып отыратын уақыт жоқ!».
Бірақ сол әлеуметтік желіден көбіміз қоқыс теріп кеткенімізді жасырмайықшы! Сол әлеужеліден газет көтеріп отырған мәселелерді, қоғамның қалтарыс-бұлтарысы жазылған мақалаларды, санаға салмақ салатын сараптамалық дүниелерді, ұрпақты аздырып, санасын тоздырып жатқан кесапаттарды, ғылымға сүрлеу салып, білімнің шыңына қадам басқан жас толқынды, өнерімен өрлеп, адал еңбегімен терлеп жүрген жандар жайлы өнегелі ой-толғамдарды оқымаймыз ғой! Дәл осы тұста оң қолын кеуде тұсына қойып тұрып, алдаспандай өткір Сәкен Иманасовша айтсам: «Ар алдында – дар алдында тұрғандай» сезініп: «Қателеспе, қарағым!» деп мына айтып отырған ойларымды жоққа шығаратын адам кемде-кем-ау! Бар болса ол да бір кездері газет оқып, жорнал ақтарып, жан дүниесін баспасөзбен байытқан жандар ғана.
Хакім Абай атам айтқандай, бүгінгі таңда «уайымсыз-салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір нәрсеге құмарлық» белең алып барады. Әлеуметтік желіге желімдей жабысқан ағайын ондағы дүниені сана сүзгісінен өткізіп жатпай-ақ, дана бабамның біз мысалға алып отырған 31-ші қара сөзіндегідей «ой кеселдеріне» ерік беруде. Нәтижесінде «терін сатпай телміріп, көзін сатып» (Абай) ғаламторға шырмалып бара жатырмыз. Дәл осы шырмауық әлемнен шығуға ықпал ететін бірден-бір жол – баспасөз саласы. Құдайдың уысындағы, алып таулардың қуысындағы шалғай ауылда тұрып жатқан ағайын интернет желісін жел қуалаған қаңбақтай ана төбеден бір, мына төбеден бір іздемей, байланыс кез келген жерде жүз пайыз ұстағанша алдымызда қанша уақыт күтіп тұрғаны тағы да белгісіз. Ендеше, сол қоғам келгенше, газеттің өмір сүруіне мүмкіндік жасайық, ағайын! Иә, газет кешігіп жетіп, жаңалықтар ескіріп қалар. Иә, мемлекеттік басылым болған соң ащы шындық айтылмайды дерсіз! Бірақ, тым болмаса деп төмендетпейін, ең маңыздысы ұрпағыңыздың тәрбиесіне керек мәнді де мазмұнды мақала табатыныңызға сенімім мол. Байбалам салмай басылымға жазылып көріңіз. «Шыққан шығын орны толып, оңаларына» көзіңіз жетеді! Ол үшін әрине, оқырман мен газетті байланыстыратын әкімдер сөзінде тұрса!..
Жұматай ӘМІРЕ





