Жас жігіттердің арасында орта жастағы қалталы әйелдерге көз салатындар көбейген. Әрине, егер араларында шынайы сезім мен махаббат оты тұтанып, отбасы құруға барса әңгіме бөлек. Алайда, ұсақ-түйек сыйлықпен әйелдің көңілін аулап, сеніміне кіріп, бар жиған-тергенін жымқырып кететіндерді бүгінгі тілмен «альфонстар» деп атайды.
Сәл ертерек жас қыздар қалталы азаматтарды аңдып жүреді деуші едік. Бүгінде тепсе темір үзетін сайдың тасындай жігіттер де тәнін саудалап, ұятты әрекетке баруда. Тіпті, соңғы жылдары олардың саны көбейіп кетті. Бұған не себеп? Әрине, ең бірінші үйдегі тәрбие. Әкесі ер баланы, ең алдымен, іскерлікке тәрбиелеу керек. Жатыпішер еркек түптеп келгенде ешкімге керек емес.
Десе де, альфонс жігіттерді еркек деген атына бола үйіне кіргізетін әйел атаулы көптеп кездеседі. Әсіресе бұл қармаққа күйеуімен ажырасқан, табысқа өз күшімен қолы жеткен қалталы әйелдер ұшырайтын көрінеді. Алғашында оған қамқорлық танытып, жылы сөздер айтып, қайда барса қасынан табылып, өмірінде жоқ ер адамның рөлін тамаша ойнайды. Артынша, әйелдің нәзік жүрегін оңай арбап, соның есебінен күн көруге кіріседі. Осылайша оңай олжа табуға құмар, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін «жігітсымақтарды» анықтау қиын емес. Ең алғашқы қадамын олар тиын-тебен сұраудан бастайды. Артынша қомақты қаржы, алтын, көлік сұрап, тіпті баспанасын тартып алуға дейін барады.
Соңғы жаңалықтарды естісеңіз жаға ұстайсыз. Алматы қаласындағы белгілі бір ойын-сауық сауда кешенінің алдында 18-25 жас аралығындағы жігіттер pepsi 0,5 сусынын ұстап тұрады-мыс. Ал сол жерден соңғы маркалы қымбат көлік мінген қалталы нәзік жандылар кезкелген жігітті таңдап, алып кетеді. Бұл масқара жаңалық TikTok-та кеңінен тарап кетті. Әрине, әлеуметтік желіден көрген жас балалар да бұған қызығушылық танытқан. Тіпті кейбір блогерлер мен актрисалар рас-өтірігін анықтау мақсатында әлеуметтік бейнеүзік түсірген.
Ел азарда еркек етектіден төмен тұратын болады. Бұл қазаққа жат нәрсе. Расымен көп дүниеге әйелдерді кінәлап, еркектерді патшадай көреміз. Алайда, сол еркекті еркек етіп тәрбиелейтін әкесі екенін ұмытпаған жөн. Қыздың тәрбиесіне келгенде анаға көп жүк түседі. Ал ұлды тәрбиелеуде әкенің рөлі зор екенін ұмытпаған жөн. Үйіндегі баласына дұрыс тәрбие бере алмаған әке кейін опық жеп отырмасына кім кепіл? Бұл әкенің шектен тыс еркелеткені немесе баламен ашық сөйлеспеуінен болатын нәрсе. Әйтпесе, кім баласының үлкен әйелдің жанында жүргенін қалайды дейсіз?!
Қазаққа енген альфонс деген аты жаман сөзден арылу үшін үйдегі тәрбиені түзеу керек. Ер жігітті еңбекқорлық пен жауапкершілікке, іскерлікке тәрбиелеу ата-ананың басты міндеті.
А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ





