Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қарабөгет ауылына медицина ғылымының докторы, профессор, әйгілі хирург Нұрлан Арын мен профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Арын келді.
Нұрлан Мұхтарұлы Қарабөгет ауылдық амбулатория дәрігерлерімен сұхбаттасып, он сегіз баланы сүндетке тегін отырғызды. Ауыл ақсақалы Бекет Әділбеков атамыз жас бүлдіршіндерге батасын беріп, жерлестеріне қамқорлық қолын созған ғалым дәрігерге ауыл тұрғындары алғыс жаудырды.
Келесі күні әл-Фараби атындағы орта мектепке арнайы барған Ерлан Арын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында дәріс оқыды. Туған өлкесінің өркендеуіне үлес қосуды басты мақсат тұтатындығын сөзіне арқау еткен Ерлан Мұхтарұлы мектеп кітапханасына кітаптар сыйға тартты. Сонымен қатар, жазғы демалыс мезгілінде он бес белсенді оқушыға «Баянауыл» демалыс орнына демалуға демеушілік көрсететіндігін айтты.
Басқосуды ауыл әкімі Жабайхан Рабиғұлов жүргізіп, туған жеріне ат ізін салған айтулы перзенттердің білімі мен біліктілігі ел мүддесіне жұмсалатындығын мақтан тұтып, тұрғындар атынан алғыс білдірді.
Елдар ҚЫДЫРЖАНҰЛЫ,
Қарабөгет бастауыш партия ұйымының мүшесі
Сарқан ауданы





