Қазақстан әлемдік уран нарығындағы сұраныстың шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Ал Америка Құрама Штаттары осы материалдың орта есеппен 24 пайызын біздің елден импорттап отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» отырысында айтты, деп хабарлайды 7-SU.KZ ақпараттық порталы.
Президент өз сөзінде Қазақстанның энергетикалық ресурстарды дамытудағы орны ерекше екенін атап өтті.
«АҚШ-тың энергетика саласындағы басымдықтарына сәйкес, біз көмірге негізделген таза, тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз энергетикалық шешімдерді ұсынамыз. Қазақстанда қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады. Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі ретінде қарастырамыз. Тым болмағанда таяу келешекте одан бас тартпаймыз. Еліміздің энергетикалық стратегиясы төрт компонентке – мұнай, газ, көмір және уранға негізделген. Біз осы қағидатты берік ұстанамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанда маңызды шикізат материалдарын игеру басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде мыс, вольфрам, қорғасын, мырыш, литий, графит және жоғары технологиялар үшін аса қажет басқа да пайдалы қазбалардың мол қоры бар.
Президент Қазақстанның инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отырғанын да айтты:
«Біз тау-кен саласында еңбек ететін инвесторларға ашық әрі түсінікті заңнамаға негізделген қолайлы юрисдикция қалыптастырдық. Қазірдің өзінде біздің тау-кен секторына Ivanhoe, Rio Tinto, Anglo Teck және Fortescue сияқты ірі халықаралық компаниялар келді», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің әлеуеті зор екенін айтып, энергетика мен тау-кен саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.





