Достық үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің ІV пленумы өтті. Есептік кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт және ұйым мүшелері қатысты.
Пленумның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша Ермек Әбілмәжінұлы баяндама жасады. Жеңістің 75 жылдығына дайындық жұмысына тоқталған Е. Келемсейіт:
– Бүгінде облысымызда 220 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 91-і – Ұлы Отан соғысының ардагері, 12 мыңнан астамы соғыс жылдарында тылда еңбек еткен жан. Жыл бойындағы жұмыстардың барлығы зейнеткерлердің мәдени-тұрмыстық, тұрғын үй мәселелерін жақсартуға, дәрігерлік көмек көрсетуге, зейнеткерлердің қоғамдық жұмыстарға қатысу белсенділігін арттыруға, жастарымызға ата-бабаларымыздың патриоттық, еңбектегі озық тәжірибелерін насихаттауға бағытталды, – деді.
Аудандар мен қалаларда комиссиялар құрылып, әрбір ардагерге әлеуметтік карта ашылып, мұқтаждық деңгейі анықталды. Соның нәтижесінде облыс бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің коммуналдық шығындары, жылу, ыстық, суық сумен, газ, жарықпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 12,1 млн. теңге жұмсалды. Ауылдық жерлерде тұрмысы төмен зейнеткерлер демеушілер көмегімен малға жемшөп, отын, көкөніспен тегін қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ардагерлердің денсаулығын нығайту үшін өткен жылы облыс бюджетінен 14,8 млн. теңге бөлінген. «Былтырғы жылы Қарттар күніне орай орталық кеңес Үндеу жариялады. Соның аясында «Көп жасаған қария, ақылы теңіз, дария» атты тақырыппен шаралар ұйымдастырылды. Барлық аудан, қалаларда қайырымдылық шаралары өтіп, оған 55 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Облыстық ардагерлер ұйымы 30 жалғызбасты зейнеткерге азық-түлік пакетін ұйымдастырды, – деген төраға жыл бойына атқарылған шараларға тоқталды.
Баяндама аяқталған соң жарыссөзге шығушыларға кезек берілді. Алакөл, Балқаш, Кеген, Кербұлақ аудандық және Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары мінберге шығып, ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, олар да өз тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоспарларын талқыға салды.
Жиында ағымдағы жылы денсаулық жағдайына байланысты құрамнан шығып, жаңадан қосылған мүшелері таныстырылды. Жиын соңынан бес мәселені қамтыған пленум Қаулысы қабылданды. Онда басты назар Жеңістің 75 жылдығын өткізуге бағытталған шаралар легіне аударылды.
Есеп беру жиыны аясында І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облысы ардагерлер хорының концерті өтті. Өнерпаз қарттар түрлі тақырыптарды қамтыған әндерді шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев сөз сөйлеп, еңбегі сіңген бірқатар азаматты марапаттады.
Концерттік бағдарламада 19-дан аса ұлттық, патриоттық және эстрадалық ән шырқалып, билер мен күмбірлеген күйлер жиналған жұртшылықты баурап алды.
Еңлік ҚАБДЕШ




