Еңбекшіқазақ ауданындағы жеке сот орындаушылардың қарауында 1976 алимент өндіру туралы сот бұйрығы бар. Осының ішінде 257 адам алимент төлеуден жалтарып жүр. Олардың жалпы алимент қарызы 19 573 854 теңгеден асады. Борышкерлердің біразы «Жұмыс жоқ!» деп ақталса, кейбірі жұмысын жасырып, жалған ақпарат береді.
Осыған орай облыс әкімдігі, облыстық халықты жұмыспен қамту орталығы, облыстық жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы, облыстық прокуратура «Жол картасы» бағдарламасы аясында бірігіп, жұмыссыз борышкерлерді жұмыспен қамту шараларын ұйымдастырды. Жеке сот орындаушылары берешегі үш айдан асып кеткен 34 борышкерге жұмыспен қамту орталығына шақырту тапсырды. Осылайша «Жұмыссызбын!» деген сылтаумен еңбектен жалтарып, алимент төлеуден қашып жүргендерге мүмкіндік беріліп, құрылысқа дәнекерлеуші, жұмысшы, тракторшы, электрик, аспаз сынды мамандарға орын бар екені айтылды. Шындығында осы мамандарға сұраныс бар.
Биылғы тоғыз айдың ішінде Еңбекшіқазақ ауданының еңбекпен қамту орталығына тіркелген 23 борышкердің төртеуі мамандығы бойынша жұмыс іздесе, тағы 4 борышкер қоғамдық жұмыстарға алынды. Сол арқылы алиментке берешегін төлеуде. Ең бастысы, борышкер әкенің өз баласына жанашырлықпен қарауы.
Дегенмен, ұсынылған жұмыстан бас тартқандар да жоқ емес. Ондай борышкерлерге ҚР Әкімшілік жауапкершілік туралы Кодексінің 669-шы бабымен хаттама толтырылып, сотқа жолданады. Сот жауапкершіліктен қашқан борышкерді бірнеше тәулікке қамау туралы қаулы шығарады. Бұл жазаның жеңіл түрі. Ал, сот шешімін орындамай жүрген борышкерлер ҚР Қылмыстық кодексінің 139-шы бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сот орындаушының қарауында тек алимент өндіру ғана емес, мемлекет пайдасына өндіруді көздеген мыңдаған атқару ісі бар. Олардың қатарында көлік құралының салығын уақытылы төлемеген жеке тұлғаларға шығарылған салық бұйрықтарын орындау, көлікке салынатын әкімшілік құқықбұзушылық айыппұлды өндіру сынды атқару құжаттары бар. Жалпы, өндіруге жататын сома мөлшері 465 104 400 теңге. Бүгінге дейін 6260 атқарушылық істің толық орындалуына байланысты 124 086 203 теңге мемлекет пайдасына өндірілді.
Мұхтар Есіркепов,
облыстық атқару округінің аға жеке
сот орындаушысы




