Аспантау елін әуезді әнімен тербеп, талай өнер тарланын тәрбиелеген тәлімді ұстаз, талантты музыкант, композитор, мәдениет саласының майталманы Медетбек Өмірзақов ағамыз биыл сексеннің сеңгіріне көтеріліп отыр. Жүрегіне ән ұялаған болмысы бекзат, ақеділ Медет ағам жайлы аз-кем ой бөлісіп, ескірмейтін естеліктердің бір парасын жадымда қайта жаңғыртқым келді.
Үлкен үй атап кеткен Әбдіраман атам Шыбышы елді мекеніндегі М. Горький ұжымшарында жылқы бағатын. Ал отау үй саналатын Медет ағалар Октябрь ұжымшарында тұратын. Отаудың иесі Шәми аға (менің әкем) сол ауылға Қызыларасан МТС-нің жіберген тракторисі болып еңбек ететін. Медет ағатайым сол жерде оқитын. Бірінші мамыр мерекесі болу керек, Медет аға Шыбышыға келді. Тойға Октябрьге мені апаруы керек екен. Екеуміз атқа мінгесіп, бір тауға шыққанымызды еміс-еміс білемін. Ол кезде мен бесте, ал ағатайым он бірде болатын. Шыққан тауымыз қалың қарағайдың арасындағы жол Шыбышыдан Октябрьге апаратын “Қоянды қоқты” асуы екенін мен кейін есейгенде білдім. Неге «Қоянды қоқты» деп аталған деп сұрастырсам, сол асуда жабайы қоян өте көп болады екен. Шыбышыдан асуға шыққан соң «Көшектің Қарасайы», «Нәдірбектің сайы» түйісетін қырды «Қоқты» дейді екен. Демек, қояны көп асуды бабаларымыз «Қоянды қоқты» деп атаған. Ал менің есімде қалғаны – Медетбек ағатайымның тау ішіндегі салған әні. Сол ән менің құлағымнан одан бері өткен 68 жылда ұмытылған емес.
Қоянды қоқтыдағы ән өзімен бірге мені де өнер әлеміне жетеледі ме екен деп ойлаймын. Екі кішкентай бауырдың сол ән салған сапары өнер әлеміне апаратын қасиетті жол болғандай.
Екінші менің таңғалатыным, ағатайым он бір жаста тау асып, сол Қоянды қоқтымен жалғыз өзі келіп мені алдына алып, қалың қарағайдың арасымен ән салып, асуды асқаны енді ойласам ерте есейген жүрегінде оты бар, болайын деп тұрған баланың әрекеті. Қазіргі он бір жастағы баланы тау асып, інісін әкелгенге емес, келесі көшеден су әкелуге әрең жұмсайсың. Иә, сол сапар бауырымыз екеумізді әлі өнер кемесімен серуендетіп келеді.
Медет ағатайым Семей қаласындағы музыка училищесінің хор жетекшісі мамандығын үздік аяқтап, ауылға оралды. Ұзынбұлақ мектебіне музыка пәнінен сабақ берді. Міне, осы кез «Ұзынбұлақ» кеңшарындағы көркемөнерпаздардың атағы аспанға шарықтаған, Медет ағатайымның әндері айтылып, ауданға таныла бастаған кез болды. Концерт жүргізушілер Бексырға Данышпанов, Лиза Әкімбекова, баянда сүйемелдеуші Әубәкір Дайрабаев, әншілер Жеңіс Әуезханов аға жолдасы Нұрипа тәте, Болат Таубалдиевтардың атақтары ауданға жыр болды. Бірнеше жыл қатарынан бас жүлдені бермеді. Оның басты себебі, ауданда Медет ағатайымдай білікті маман жоқ еді. 3-4 дауыста хор тұрмақ 2-дауыста қос ән айту тек білікті маманның қолынан келетінін толық дәлелдеді.
Сол Ұзынбұлақта бір үлкен концертке дайындалып жатқанбыз. Павлодардан Алла тәтемнің мамасы келген. Ұзынбұлақта концерт басталарда мені Медет ағатайым шақырып алып: «Жақатай, сенің нөміріңді алдында жіберейін, Ермек пен Шолпанның жанына барып отыра ғой, тәтеңнің мамасы екеуін ұстап отыра алмайды», – деді. Тәтем Азатаймен үйде қалған. Мен әнімді орындап алдыңғы қатардағы құдағи апаның жанына барып, Ермекті алдыма алып отырдым. Бір кезде сахнаға Медет ағатайым шықты. «Туған ел» әнін орындап жатыр. Залда тым-тырыс, жанымда отырған құдағи апаға қарасам екі көзінен аққан жас алдында отырған Шопатайдың тақиясына тамған дауысы маған естіліп тұр. Ән шарықтап барып басылғанда бүкіл залдың шапалағы менің есімді жыйып, құдағи апаның көз жасын тыйғандай болды. Бір кезде мен – «Апа, сонша неге жыладыңыз? Ағаның әні ұнады ма?» деп сұрадым. – «Иә, жақсы айтты әнді. Бұл әнді бұрын да талай айтқан, бірақ бүгінгідей болған емес, өйткені «Ер туған жерінде» деген мақалдың қаншалықты қасиетті екендігіне бүгін көзім жетті. Семейде қалғысы келмей туған жерім, өскен елім деп келіп еді. Соны жаңағы әні арқылы жеткізіп тұр. Бұл туған жердің құдіреті, бұл шынайы өнердің құдіреті», – деген құдағи апаның сөзі менің есімнен кеткен емес.
Содан кейін жақсы маман ретінде аудандық Мәдениет үйіне директорлыққа ауыстырды. Осы кезеңде Кеген ауданынан халық театрын құру жұмысы қолға алынып жатқан. Ақсу ауданынан Иманбаланов деген режиссер шақырылып, ол кісі Меліс Оқапов деген баянисімен келіп, аудан өнерпаздарынан театр мүшелерін жасақтады. Ол құрамда Күләш Қыдырбекова, Үсен Беркінбеков, Айтбек Сайлыбеков, Жаңыл Сабаншиева, Тоқтарбай Бірімжанов, т.б. өнерпаздар бар. М. Әуезовтің «Қаракөз» драмасымен «Кеген халық театры» атағын табысты қорғады. Ал оның концерттік бағдарламасын дайындау бүтіндей Медет ағаға міндеттелген болатын. Мұқан Төлебаевтің «Біржан Сара» операсынан 4 дауыста хор дайындап қойғаны бұрын ешкім көрмеген жаңалық еді. Бұл театрда одан кейін Нағима Таласбаева режиссер болып, Жұмаш Әлдибеков ағаның басшылығымен республикалық театрлар байқауында 3 дүркін лауреат атанып, күні бүгінге дейін табысты еңбек етіп келеді. Осы кезеңде Медет аға Шымкенттің мәдениет университетін бітіріп, білімін толықтырды.
Келесі бір айта кететін ауқымды жұмыс, Кеген ауданына бірінші хатшы болып Зиядин Мыңбаев келген кезең еді. Ауданды жаппай көгалдандырып, арақпен күрес басталған кез. Тойлар арақсыз өткізіліп, ішкендер жазаланып жатқан. Аудандық Мәдениет үйі жанынан өзі дәрігер болса да өте талантты азамат, Мұрат Исәділов бастаған «Әттеген-ай» әзіл-сықақ театры өте жақсы жұмыс істеп, халықтың көңілінен шықты. Құрамындағы автоклуб шоферы Тұрғын Мұқжанов, режиссер Құдайберген Ештаевтар іздегенге сұраған болып, бап қосылған топ еді. Әр шаруашылықты аралағанда оларды бірге ала жүретін. Олар аяқастынан әзіл дайындап, арақ ішкендерді әжуалап, елді күлкіге қарық жасаушы еді. Сол арқылы ауданда көп игі жұмыс жүргізілді. Әзәзіл араққа деген тыйым елді бірлікке, ынтымаққа шақырғандай әсер қалдырды. Бұл жұмысты ұйымдастыруға да Медетбек аға ерекше еңбек сіңірді. Кеген біршама көгалданып, көркейіп, рухани кемелдене түсті десе де болады. Мен де сол кезде «Кегенге кел» деген ән жаздым, ол ән маған бақ болып жолықты.
Аудандық Мәдениет үйіндегі табысты еңбегі 1975 жылғы Халықаралық «Таллин – 75» байқауына Қазақстан Республикасынан жалғыз Медетбек Өмірзақов басқаратын Кеген ауданының хор ұжымы қатысып, дипломат болуы, 1976 жылы Қостанай қаласында өткен республикалық байқауда бас жүлде алып лауреат атануы – Медетбек ағатайымның еңбегінің жемісі. Ол еңбек Кеген ауданының мәдениет бөлімінің меңгерушісі болуына алтын көпір болды.
Ширек ғасыр Аспантаулар аясындағы Кеген ауданының мәдениет бөлімінде басшылық, ұйымдастырушылық қызметтерде табысты еңбек етіп, зейнетке шықты. ҚР Мәдениет қайраткері, Кеген ауданының Құрметті азаматы. Ең маңыздысы, ел-жұртына сыйлы, бар білімін, өнерін халқына арнаған абзал қария. Бірнеше әндерін өнерпаздар орындап жүр. Қоянды қоқтыда басталған ән әлі жалғасып келеді. Алдына алып ән айтқан інісі, менің өзім артынан ілесіп ән салып, өлең жазып 73 жасқа келсем де ағатайымнан үйренерім көп. Ғасырдың төріне шығыңыз, асыл аға!
Жақсылық ӘБДІРАМАНОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы




