Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінде Ұлыбритания Парламентінің Лордтар палатасының мүшесі және Әзірбайжан мен Орталық Азия бойынша сауда өкілі лорд Джон Алдердайс бастаған Ұлыбритания делегациясымен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың болашағын, сондай-ақ инновациялық ядролық технологияларды қауіпсіз енгізу және ғылыми серіктестік пен кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.
Агенттік төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов Қазақстанның атом саласын дамыту бағытындағы негізгі басымдықтар туралы айтып өтті. Ол ядролық кластер қалыптастыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және кадрлық әлеуетті арттыру – мемлекеттің басты стратегиялық мақсаттарының бірі екенін атап өтті.
Өз кезегінде лорд Джон Алдердайс Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы жоғары ғылыми және өндірістік әлеуетін ерекше атап өтті. Ол Ұлыбританияның бұл бағытта өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты.
«Қазақстан ядролық технологияларды қауіпсіз және тиімді пайдалану бойынша аймақтағы жетекші елдердің бірі болып табылады. Біз ынтымақтастықты нақты жобалар арқылы кеңейтуге мүдделіміз», – деді лорд Алдердайс.
Кездесу қорытындысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы диалогты тереңдету және бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өзара мүдделілігін растады.
Сонымен қатар, тараптар салалық мемлекеттік органдар мен ғылыми-техникалық ұйымдар деңгейінде сараптамалық консультацияларды жалғастыруға уағдаласты.
«Жетісу-Ақпарат»





