Еліміздің аграрлық секторында экономикалық өсім мен басқару тиімділігін арттыру бағытында жаңа кезең басталып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталып, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Президент дерегінше, азық-түлік өндірісі 28 пайызға артса, жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылған. Сонымен қатар агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе өсіп, 7 млрд долларға жуықтады, ал оның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті.
«Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті. Жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды.Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 млрд долларға жуықтады. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті. Былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды. Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл мен аграрлық саланы қолдауға арналған бағдарламалардың тиімділігін тексеруді тапсырды. Түсіндіре кетсек, соңғы жылдары атауы әртүрлі, бірақ мақсаты ұқсас жобалар көбейіп кетті.Мәселен, «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік» және «Сыбаға» секілді бағдарламалар қатар іске асуда. Мұндай жағдайда әр жобаның нақты нәтижесі мен бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын саралау аса маңызды.
«Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Осындай ұстаным дұрыс. Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты «аттары бөлек, бірақ заттары бірдей» бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты. Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине,әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, осы сұрақ заңды. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек. Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, аталған жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Мұндай қадам мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе», – деп атап өтті Президент.
Аталған бастамалар Жетісу облысы секілді аграрлық әлеуеті зор өңір үшін де ерекше маңызға ие. Өңір шаруалары мен диқандары үшін қолдау тетіктерінің нақты әрі түсінікті болуы өндіріс көлемін арттырып, қайта өңдеу саласын дамытуға жол ашады.






