Ескелді аудандық мәслихат депутаттары әрбір елді мекендегі балалар ойын алаңының жай-күйімен танысты. Мұндағы мақсат – алаңқайлардағы спорт жабдықтарының ахуалын анықтау, қауіпсіздігін саралау.
«Amanat» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткен шараға Үміт Тортаева, Серік Шүкеновтер қатысып, зерделеу жүргізді. Халық қалаулылары тексеру барысында бірқатар кемшілік барын анықтады. Жергілікті билік өкілдеріне ескерту де жасады. Қалай дегенмен, дені сау ұрпақ өсіруге қираған ойын алаңқайы кері әсерін тигізеді. Жұмыс тобы кезінде сапалы істелген алаңқайлардың қолапайсыз қалыпқа енген бұл күйіне жастардың немкетті тірлігі сеп екенін қадап айтты. Былай айтқанда, вандалдар мемлекет меншігіне аяушылық танытпай отыр. Мұндай қолайсыздықты отбасыдағы тәрбие арқылы қалыпқа келтіруге болады. Депутаттар мұны назардан шығармау керегін, балалардың мүлкін сындырмау қажет екенін сөз етті. Жергілікті билік өкілдері кемшілікті жойып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уағдаласты.
М. МАҚСЫМ
Ескелді ауданы