Нұрғали Бауыржан – Үшарал орта мектебінің 7-сыныбын аяқтаған үлгілі, озат оқушылардың бірі. Поэзияның Хантәңірі – Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері мен поэмаларын жатқа біледі. Аудандық, облыстық Мұқағали оқуларының жүлдегері, мектептегі «Жас қыран» ұйымының белсенді мүшесі. Бос уақытында көркем әдебиет оқығанды, шығарма жазғанды, спортпен шұғылданғанды ұнатады. Төменде жас қалам иесінің ауыл туралы тебіреністі шығармасын жариялап отырмыз.
Жазиралы Жаркент өңірі – облысымыздағы ең шұрайлы, көркем елді мекендердің бірі. Осы өңірде орын тепкен Үшарал ауылы шаруаға, тіршілікке қолайлы өлке. Жаркенттіктердің негізгі кәсібі – ауыл және мал шаруашылығы.
Туған өлкеміз қазақ руханиятына өзіндік үлес қосып, ұлттық болмысымызды айшықтаған тұлғаларымен де ерекшеленеді. Атап айтар болсақ, бұл «сурет салуды апамның киізінен, қошқардың мүйізінен үйрендім» деген қанатты сөз қалдырған қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтей қасиетті тұлғаның мекені. «Танығың келсе Дәнешті, жантайып жатып ән есті» деп есімі аңызға айналған Д. Рақышевтің атақонысы. Жалынды айтыскер ақындарымыз Қален Тәжібаев пен Айтақын Бұлғақовтай жандарды өмірге әкелген өлке. «Қыз ұясы» дастанының авторы Шаймерден Өмірбековтің ауылы.
Ауылымызды жылдар бойы басқарып, облыс, республика көлемінде танымал еткен, білікті мамандардың қалыптасуына үлес қосқан Нүсіпбек Сауранбаев атамыздың өмір жолы да біз үшін үлкен өнеге мектебі. «Дала аруы» жүгеріден мол өнім жинаған К. Бердіғұлова, бозкілемде талайдың жамбасын жерге тигізген Н. Теңізбаев пен Д. Жадыраевтай ата-апаларымның шыққан жері.
Менің ауылымның топырағы шұрайлы, шыбық ексең биіктеп шынар болатын, бұлағының көзін ашсаң сарқыраған өзенге айналатын жер. Осы топырақтан нәр алып өскен ұлы тұлғалар сияқты болу, олардың еңбегін біліп, мақтан тұту – азаматтық борышым деп білемін. Менің ауылым күн санап құлпырып, өркендеп келеді. Қала типтес үйлер, сауда орындары, спорт алаңдары – бәрі-бәрі ауылымның мерейін асқақтатып тұрғандай. Мен өз туған жерімді қатты жақсы көремін, аялаймын, мақтан тұтамын.
Нұрғали Бауыржан,
Үшарал орта мектебінің 7-сынып оқушысы
Панфилов ауданы




