Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды мәселелерге назар аударды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу тек құтқарушылардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе балалар мен жастарға қауіпсіздік ережелерін қарапайым әрі түсінікті тілмен үйрету маңызды.
«Олар апат кезінде қалай әрекет ету керегін білуі тиіс. Сонымен қатар, күнделікті өмірде қауіпсіздік шараларын ұдайы есте сақтаған жөн. Табиғат аясында демалу, су айдынында шомылу, тауға шығу немесе ауа райы қолайсыз кезде көлік жүргізу сынды сәттерде әр азамат өз жауапкершілігін сезінуі керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жүйелі түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, халық арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруды тапсырды.





