Райымбек ауданында халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы сәтімен жалғасуда. Атап айтқанда, мемлекетіміздің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан аумағындағы Қарасаз ауылында былтырдан бері ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмысы жүргізізуде.
Су жүйелерінің жалпы көлемі 14 шақырымды құраса, соның 9 шақырымына су құбырлары тартылды. Бюджеттен 381 миллион теңге қаражат бөлінген бұл жаңғырту жұмысын «Дәнекер» ЖШС-нің құрылысшылары мен мамандары қолға алған. Ауыл тұрғындары биыл таза ауызсуға қол жеткізеді.
Мұндай игілікті шаруа Шалкөде ауылында жүріп жатыр. Ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмысының 70 пайызы аяқталды. Су жүйесі алдағы сәуір айында іске қосылады деп күтілуде. Биыл аудандағы Жаңа Текес ауылында да ауызсу жүйелері жаңғыртылмақ. Оған бюджеттен 43 миллион теңге қарастырылып отыр. Сонымен бірге, Тегістік, Көкбел, Тұзкөл, Қаратоған ауылдарындағы ауызсу жүйелерін жаңғырту мақсатында қажетті құжат жұмысы қолға алынған.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы





