Іле өзені мен Балқаш көлінде балық қоры күрт азайып, бұрынғы жылдармен салыстыруға келмей тұр. Өйткені, аудан көлеміндегі балық аулаумен тұрақты айналысатын балық шаруашылықтары жылына бірнеше тоннадан балық түрін аулайды. Жылына көлге аз-кем балық шабағын жібергені болмаса, ауланған балық көлемі одан көп. Өзен-көлдердегі балық қорының өсіп-өнуіне айтарлықтай көңіл бөлініп отырған жоқ.
Көптен бері осы мәселені қолға алуды жоспарлап жүрген Жиделі ауылының тұрғындары жақында өз қаражаттары есебінен «Шелек» балық шаруашылығынан арнайы келісімшарт арқылы 20 мың балық шабағын сатып алып, төменгі Бәйменей өзеніне жіберді. Ал, төменгі Бәйменей өзені Балқаш көліне құйылатын Іле өзенінің үлкен сағасының бірі. Өзгелерге үлгі болатын игі бастаманы қолға алған ауыл тұрғындары алдағы уақытта да өзен-көлдерде балық қорын көбейту мақсатында осындай шараларды өткізуді дәстүрге айналдырмақ.
Жақында ғана ауылдық округ әкімі болып сайланған Азамат Алтынбаевтың бастамасымен осындай сауапты іс қолға алынды. Ауыл тұрғындарын бұл іске жұмылдырған Азамат Әскербекұлы жұмыстың жүйелі өтуіне басшылық жасаса, Төменгі Іле балық инспекциясының бас маманы Айдархан Мырзалы балық шабақтарының өзенге жіберілуін бақылайды. Аталған бастама ауыл тұрғындарының қатысуымен жоспарға сай аяқталып, оған үлес қосқан жандар бір марқайып қалды.
Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Шыңғыс Байсыновтың айтуынша, бүгінгі таңда жіберілген 20 мың балықтың 10 мыңы ақбалық, 5 мыңы дөңмаңдай және 5 мыңы карп шабақтары. Ауыл тұрғындары мұндай әрекетке бару себебін кейінгі жылдары өзен-көлдерде балық қоры күрт азайып, табиғаттағы флора мен фаунаның тепе-теңдігінің сақталмай тұрғанымен түсіндірді. Олар жіберілген шабақтардың алдағы үш жылдан соң өз жемісін беретініне кәміл сенімді.
Осындай игі шараны аудан көлеміндегі өзге шаруашылықтар мен ауыл тұрғындары да ұйымдастырып, жас шабақтардың жетілуіне ықпал етсе, өзен-көлдердегі балық қорының молая түсетіні сөзсіз.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ,
Балқаш ауданы





