Байқасаңыз, ондағы тартан төсеніштері (резеңке жабын) жыртылып, ойылып кеткен. Балалар доп ойнап жүргенде жиі сүрініп, құлап, жарақат алып жатқанын айтады. Ол аз десеңіз, алаңдағы баскетбол қақпасы да сынған. Бұл темірлер де қауіпті. (Суретке назар аударыңыз)
Жергілікті тұрғындар бірнеше рет әлеуметтік желі арқылы мәселені көтерген. Әсіресе, ата-аналар балалардың амандығына алаңдаулы. Олар алаңның толықтай жаңартылуын талап етіп отыр.
Жағажайдағы жағдайды өз көзімізбен көру үшін сол жерге арнайы бардық. Бізге пікір білдірген сол жердің тұрғыны:
«Балалар осы жерде футбол да, баскетбол да ойнайды. Бірақ жағдайын көріп отырсыздар. Қараталдағы бүкіл жастар осы алаңда жиналады. Әкімдік осыны ескеріп, бір нақты шара қолданса екен», – дейді.
Халық талабы ескерусіз қалмады. Жақында әлеуметтік желідегі жарияланымнан кейін Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі баскетбол алаңын жөндеу жұмыстарын бастап кетті.
Мақпал Әділханқызы






