Панфилов аудандық жастар ресурстық орталығы жастармен бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқаруда. Бұл орайда жастардың рухани, мәдени дамуына, білім алуына, кәсіби қалыптасуы мен салауатты өмір салтын сақтауына, құқықбұзушылық, экстремизм мен терроризм, суицидтің алдын алуға баса мән берілуде.
Ауданда жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған мәдени, спорттық үйірмелер аз емес. Өңірдегі 408 спорттық үйірмеге 7265 жас тартылған. Сонымен қатар, 149 мәдени үйірмеде 5321 жас өз өнерлерін шыңдайды. Өткен жылы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 191 жас қоғамдық жұмыс атқарды. 800 жасқа онлайн-тренинг өткізілді. Жыл басынан бері бір мәрте бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмыссыз жүрген 38 жас тұрақты еңбек орнын тапты. Былтырғы жыл көлемінде 80 қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылды.
«Жастар практикасы» бойынша 160 жас жұмыспен қамтылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 25 маман көтерме жәрдемақы алды, 26 отбасы баспаналы болды. Аудандық жұмыспен қамту орталығы округ әкімдіктерімен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкесін үнемі ұйымдастырып тұрады. Соның нәтижесінде бүгінгі күнге NEET санатындағы жастар 9 адамды құрап, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 72 адамға азайды. Алдағы уақытта осы аталған санаттағы жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылып, аудан аумағындағы бос жұмыс орындарына орналастыру ісі жалғасады.
Кәмелетке толмаған жастар арасында «Отбасы – тәрбие ошағы», «Әкеге қарап ұл өсер», «Отбасы – Отанымыздың ошағы», «Отбасындағы тәрбиедегі ата-ананың рөлі» тақырыптарында кездесулер, «Жақсылық жасап жарысайық», «Ардагерлерді ардақтайық» қайырымдылық акциялары өткізілді. Жасөспірімдер арасында суицидті болдырмау және алдын алу мақсатында «Өз-өзіңе сенімді бол» тақырыбында әңгіме ұйымдастырылып, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу барысында АПБ ювеналды полиция тобының мүшелерімен бірлесіп, ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді, түнгі рейдтер өткізілді.
Орталықта жастар саясатын жүзеге асыруға арналған, яғни, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін іс-шаралар жоспары бекітілген. Мәдени, спорттық, патриоттық, психологиялық, тағы басқа да түрлі бағыттағы шаралар кешенді түрде уақытылы жүзеге асырылып келеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастар имунитетін қалыптастыруымыз қажет» тақырыбында тікелей эфир, «Жастар және қоғам» атты «дөңгелек үстел», «Күнәлі іске құмартпа», «Сыбайлас жемқорлықсыз Қазақстан», «Жемқорлықтың соңы – жаза» айдарымен тікелей эфир ұйымдастырылып, «Jetіsý» -adaldyq alany» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық парақшалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Үстіміздегі жылдың бастауында елімізде болып жатқан жағдайға байланысты жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін мәдениеттілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жалғызілікті қарттарға, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық акциялары, жұмыспен қамту орталығы, округ әкімдіктерімен бірлесіп NEET санатындағы жастарға бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылатын болады. Осындай жанды шаралардың нәтижесінде өңір жастарының қоғамдағы белсенділігі артып келеді.
М. Манапұлы,
Панфилов ауданы





