Талдықорған қаласында аудандар мен қалалардың ардагерлер кеңесі төрағаларының қатысуымен тәжірибе алмасу семинары өтті. Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков ұйымда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы іс-шара жоспарлары туралы жан-жақты баяндап берді.
Игілікті істердің бірі – өңірімізге еңбегі сіңген белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен аймақтың құрметті азаматтары тұрған үйлердің қабырғасына ескерткіш тақта ілу жұмыстары 2020 жылдан бастап қолға алынып, өнегелі түрде жалғасын тауып отыр. Осыдан кейін ұйым басшысы қонақтарды Оқушылар сарайында орналасқан білім беру саласы ардагерлерінің орталығында атқарылып жатқан іс-шаралар бағытымен таныстырды. Бұл бастама қазіргі кезде денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, мемлекеттік және кәсіпкерлік мекемелер сияқты тағы да төрт орталықтың ардагерлері арасында кеңінен жүргізіліп жатқаны қуантарлық та құптарлық жағдай болып отыр.
Құрылып отырған бес орталықтың ең ірісі – білім беру саласы ардагерлерінің 65 бастауыш ұйымы бар. Осы бастауыш ұйымдар өз құрамындағы ардагерлерімен жүргізіліп жатқан жұмыстардың бағыт-бағдары туралы өз орталығына мәлімет тапсырып отырады. Қазіргі уақытта 1000-нан астам мүшесі бар бұл орталықтың жұмыстары алдағы уақытта да нәтижелі атқарыла беретініне сенім мол.
Бұдан кейін семинарға қатысушылар еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері Д. А. Қонаевтың мұражайын аралады. Атамыз атындағы қордың төрайымы Хания Есдәулетқызы мұражайдағы құнды жәдігерлер мен суреттердің тарихын айтып, атамыз жайлы жазылған кітапшалар таратып берді. Қала қонақтары осыдан кейін Талдықорған қаласының көрнекті жерлерін аралап, кейінгі жылдары бой көтерген тұрғын үйлер мен әсем ғимараттармен танысты, сондай-ақ, жуырда бой көтерген Жолбарыс би бабамыздың ескерткішіне барды.
Қорытынды жиында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт бұл семинардың қатысқандарға берері мол екенін, алдағы уақытта әрбір аудан, қалаларда осындай басқосулар өткізіліп тұрса, аймақ ардагерлері арасындағы игілікті жұмыстар жалғасын нәтижелі түрде табады деп сенім білдірді.
Мұратбек Қожабеков,
Талдықорған қалалық ардагерлер
кеңесі төрағасының орынбасары




