Атам қазақ: «Бұлақ көрсең көзін аш» дегенді қандай мағынада айтты екен? Тарих атты терең тамырлы дүние халқымыздың осындай тасқа басылғандай тәмсілдерін бүгінгі ұрпаққа қаз қалпында жеткізді. Табиғаттың заңын мойындап, қатал да өзгермелі құбылысына бейімделіп тіршілік еткен бабаларымыз қоршаған ортаға зиян тигізбей, аман-есен сақтауға мән берді. Соның нәтижесінде Жер-ананың көркіне айналған жан-жануар, ұшқан құс және иен даламыздың ажарын ашқан өсімдіктер күні кешеге дейін көз алдымызда жайқалып тұрушы еді. Қазір құлазыған қу далаға қарап, еріксізден күрсінетін жағдайға жеттік. Қоршаған ортаға табиғаттың барлық жаратылысы жатады. Солардың бірі – бұлақ. Тау баурайында сылдырап аққан бұлақтың басында керемет көңіл-күйге бөленіп өскен аға ұрпақ өкілдері қазіргі таңда сол көріністі жоғалтып алды. Бұл тақырыпта әңгіме тиегін ағыта қалсаң, билік басындағы қайбір азаматтардың кекірейе қарап, басын шайқап кете беретінін қайтерсің.
Бұлақтың арынсыз және арынды түрлері бар. Арынсыз бұлақ ылғалды жылдарда, көктемде қар ерігеннен кейінгі және жауын-шашынды кезеңдерде жер бетіне таяу жатқан су деңгейінің көтерілуінен пайда болады. Оны тұма деп атайды. Құрғақшылық жылдары, ылғалсыз жаз айларында мұндай бұлақтың суы тартылып қалады. Соның салдарынан талай су айдындары тартылып кеткені белгілі. Мезгілімен жауған қар мен жауын-шашынды нұрға теңеудің мән-мағынасы арынсыз бұлақтарды сақтау ниетімен айтылатын елдің ақ тілеуі.
Жетісу өлкесі – негізінен таулы аймақ. Оның бөктерінде бұрқ-сарқ қайнап жатқан қайнарлар жер қойнауының терең қабатында орналасқан тектоникалық жарықтар арқылы бір-бірімен байланысып, кеңінен жайыла жер бетіне табиғи жолмен көтеріледі. Жер астынан шыққан осынау судың көзі арынды бұлақ аталады. Жазық жерлерде – өзен аңғарлары мен қыраттар беткейінде оның тәуліктік су өнімділігі көбінесе ондаған текше метрден аспаса, тау бөктерлерінде, тауаралық ойыстарда, биік таулы аймақтарда одан да мол.
Жерұйығына теңелген осынау өлкедегі ірілі-уақты өзендердің көпшілігі осы арынды бұлақтартан бастау алады. Оны жұртшылық ауызсу есебінде де пайдаланады. Егістіктер суарылып, мал жайылымдары суландырылады. Төрт түлік малдың жаз бойы жайлауда жайылатыны ежелден белгілі. Шопандардың алғашқы және басты міндеті бұлақ көзін тазалаудан басталатынын көзімізбен көріп өстік. Ұйымдастырушысы да болдық. «Бұлақ көрсең көзін аш» шарасы ықылым заманнан қалыптасқан ұлтымыздың дәстүрі әрі тиянақты тірлігі.
Қазір жайлауда баяғыдай қойшы да жоқ, қой да жоқ. Бұлақ көздері де соның салдарынан бітеліп барады. Ғалымдардың айтуынша, мұздық тауларда бұлақ суының температурасы 0 градустан аспайды, ал сөне қоймаған жанартаулы аймақтарда оның температурасы 100 градусқа дейін жетеді және одан да жоғары болады екен.
Біле білген адамға бұлақтың пайдасы көп. Өкініштісі, сол ұғымдарға бас ауыртып, бағалай алмай жүрген жайымыз бар. Осы тақырыптың айналасында не айтарымды білмей көп ойланып, көп толғандым. Қолыма қалам алып, пікір білдіруіме түрткі болған ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбековтің 2021 жылы республикалық «Жас Алаш» және облыстық «Жетісу» газетінде басылған қасиетті жерімізді суландыруға қатысты ой-тұжырымдары.
Алаш жұрты ертеден табиғаттың әрбір құбылысының қабағына қарап, дүлейімен алысып, күнгейімен қуана қауышып күн кешкен. Яғни Тәңір жаратқан табиғаттың төл перзенті. Тынышбай солардың жолын қуған азаматтың бірегейі. Ауыл мектебінде білім алып, Алматыда зоотехникалық, малдәрігерлік институтын тамамдап ғалым зоотехник мамандығын иеленген Тынышбай комсомол мектебінен тәлім алып, партия мектебінде шыңдалды. Еңбек жолын қатардағы механизатордан бастап, ферма зоотехнигі, совхоздың бас зоотехнигі, одан совхоз директоры, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, Алматы облысы ауылшаруашылық және азық-түлік басқармасы бастығының орынбасары, бірінші орынбасары, Балқаш, Кербұлақ, Көксу аудандарының әкімі, Алматы облысы әкімінің орынбасары сияқты лауазымды қызмет атқарған азамат.
«Сөйлеу үшін ойлау керек» қағидасын ұстанған жан. Елді тыңдай біледі. Түсіне біледі. Әріптестеріне де, өзіне де қояр талабы күшті, іске шебер, талантты ұйымдастырушы. Өмірде көргені көп, түйгені одан да басым. Екінің біріне бұйыра қоймаған адалдық, әділдік сияқты қабілетімен елінің қошеметіне бөленген арда азамат. Бүгінде республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Ұлттық қой өсірушілер одағы» кеңесінің төрағасы.
Енді ғалым Досымбековтің пікіріне ден қоялық. «Балқаш – Малайсары жотасынан басталып, оңтүстік-батысында Іле өзені, солтүстік-шығысы мен солтүстігінде Қапшағай қаласы, Кербұлақ, Көксу, Қаратал аудандарымен, солтүстік-батысында Балқаш көлімен шектесетін аймақтың құтын арттырып, берекесін тасытып отырған Балқаш көлінің су қорының 65-70 пайызын Іле өзені толықтырады. Қалған көлемі Ақсу, Аягөз, Қаратал, Лепсі өзендеріне тиесілі. Дегенмен, кейінгі жылдары көлдің басты қан тамыры іспетті Іле өзенімен келетін су айтарлықтай азайып барады.
Бұрынғы кездерде Іле өзенінің бойында Балқаш көліне дейін орналасқан бірнеше балық аулайтын бөлімдер, үлкен шаруашылықтар жылына 30 мың тоннадан астам сазан, ақамур, ақшабақ (маринка), бекіре, көксерке (судак), шабақ (вообла, лещ), жайын, ақбалық (жерех), т.б. түрін аулап, мемлекетке өткізетін болса, осы көлдерде ұялап, өсіп-өнетін аққу, қаз, үйректің түрлері, бірқазан, қарабай, т.б. құстар, тоғайы мен қамысында елік, жабайы шошқа, қырғауылы, құмында қарақұйрығы жыртылып-айырылатын. Ауданда мемлекеттік аңшылық шаруашылығы жылына бір млн. дана ондатра терісін шетелге валютаға сатып, мемлекетке көп табыс әкелетін.
Табиғи шабындықтардан қажетті ірі сабақты мал азығы дайындалса, құрғақшылық жылдары облыстың басқа шаруашылықтары келіп, бір жылдық жемшөп қорын дайындап әкететін. Бақанастағы орман шаруашылығы мыңдаған тонна сексеуіл отынын дайындап, облыс экономикасына табиғи ресурстары арқылы қомақты үлес қосып келе жатқан бай аудан.
1963 жылдан бастап Ақдала массиві игеріліп, 31 мың гектар суармалы жерде ғалымдардың тұжырымдамасымен жасалған егіс айналым кестесі бойынша 13,5 мың гектарға күріш, қалған егіс алқабына арпа, бидай, сүрлемдік дақылдар, көпжылдық шөп егіліп, күрішті, ырысты алқапқа айналды.
Қапшағай су қоймасы, Қапшағай ГЭС-нің басты мақсаты – Алматы қаласын электр энергиясымен, қала халқын демалыс орындарымен қамтамасыз ету еді. Су қоймасында 28 млрд.текше метр су жиналады деп жобаланғанымен, ең жоғарғы су сыйымдылығы 18 450 млн. текше метр деп бекітілген Үкіметтің қаулысы шықты. Қазіргі кезде жұмысшы су көлемі 15 млрд.текше. метрден 5 млрд.текше метрге азайды».
Байқасаңыз, оқиғаның ақиқатын айтып отыр. Ақ сөйлеу – ардың ісі. Қытай Халық Республикасы тарапынан Іле өзені бойына бірнеше су қоймасы салынып 4 млрд.текше метр су алады деген автор бұдан былай Қапшағай су қоймасына судың келу көлемі азаймаса, көбеймейтініне сенімді. ГЭС-тің басты мақсатымен етене таныс Тынышбай Досымбековтің айтуында қыс айларында Алматы қаласын таңғы сағат 6-дан 9-ға, кешкі сағат 18.00-ден 21.00-ге дейінгі уақытта электр энергиясымен толық қамтамасыз ету үшін ГЭС-тен секундына 1000 текше метр су жіберіп келеді. Ал дәл осы кездерде Іле өзенінің арнасы қатып қалады да, көп мөлшерде жіберілген қызыл су кішігірім көлдердің деңгейінен асып, мал, аң, құс жайылымдарын басып, ондатра ұялары су астында қалып тұншықса, жайылымдардағы аң, құс құмды бұйраттарға шығып, шығынға ұшырайды. Көпқабатты мұздың пайда болуынан су астында балықтарға оттегі жетпей, мұз ерігенде өлген балықтар су бетіне қалқып шығады. Әлбетте, бұл енді табиғатқа, қоршаған ортаға қолдан жасалған қиянат.
Осындайда «Жердің киесі де, иесі де сумен келеді» деген бабалар аманатына тоқтала кетсек орынды. Адам баласының жайлы қоныс тауып, мекенжай салып, тұрақшылық өмірге көшу кезеңі су мен жер байлығын тиімді пайдалануынан басталған. Арық, тоған қазып, суландыру жүйесін жолға қоюы қоғамның заңымен бекітіліп, көптің күш біріктірумен ғана іс жүзіне асырылғаны ақиқат. Парсылардың көне заңында: «егер қазылып жатқан тоғанның жолында жүкті әйел босанып жатса, әйелдің ішін жарып, баласын ал да, тоған қазу жұмысын жалғастыр» делінсе, енді бір тармағында, «егер шахтың ұрланған алтынының үстінде жүкті әйел отырса, баласын тууын күт, сонан кейін ғана астына басып отырған алтын алынып, қазынаға қайтарылсын» делінген. Грузия елінің патшасы Вахтанг өзінің әмірімен: «Ел ырзығы үшін қазылған тоған кімнің жерінің, бағының үстінен өтпесін, ешкімнің кедергі жасап, көмуге құқығы жоқ» деп шегелеген.
Бірінші теңеуде шахтың алтыны мен өмірге бір бала әкелетін әйелден гөрі жан-жануар, жәндіктер мен өсімдіктердің тіршілігіне, адам баласының өз еңбегімен өмір сүруіне қажетті судың құнын асқақтатып отырған шахтың, екіншісінде жеке топтың емес, ел мүддесіне қажетті тоғанның артықшылығын бағалай білген патшаның даналығы аңғарылады.
Тәубе, қазақ халқы «Елі үшін еңбек етіп, асыл мұратына жеткен» дана тұлғалардан кенде емес. Қапшағай су қоймасын салдыру арқылы Қапшағай қаласы мен Балқаш ауданының экономикасын дамытуды әу бастан ойластырған да, оның іске асуына қамқоршы болып, қолдау көрсеткен де Қазақтың біртуар перзенті Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев десек, аты әлемге танылған тұлғаның «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты туындысын түсініп, даналығын мойындағанымыз. Тынышбай Димекеңнің алдын көріп, батасын алып, Балқаш ауданын ғана емес Жетісу өңірін құлпыртуға атсалысты.
Ғалымның пікірінше, Іле өзенінен 12 мың гектар алқапқа су алып 150 мың тонна жуа, басқадай дақылдардан өнім өндіріп келген Шеңгелді массивінде, судың деңгейі төмендеп, жағадан алыстап кетуіне байланысты егіс алқабынан алынатын өнімнің түсімі азайды. Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандарының сағасын тазалау, су деңгейін көтеру үшін облыс, аудан әкімшілігі тарапынан қомақты қаржы бөлініп жылма жыл қосымша бөгеттер қойып, мелиоративтік жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан тұрақты су көлемімен алқапты қамтамасыз ету түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Жерасты суының бір көтеріліп, бір түсуіне байланысты көпжылдық табиғи шөптер азайып, шабындықтар алқабы сорланып, шоқ-шоқ бұталарға айналуда. Мұндай қауіпті құбылысқа жол ашып отырған жайт Іле арнасындағы су деңгейінің ойнақшуы. Ақдала егіс алқабындағы жерасты су деңгейі де бірде төмендеп, қайта көтеріліп қалыпты деңгейге келгенше су шелекпен құйғандай жерге сіңіп кетеді. Соның салдарынан Балқаш көлінен ауланатын балықтың көлемі кезінде 30 мың тоннаға жетсе, қазір 5 мың тоннамен шектеліп, шетелге ондатра елтірісін сату 150 мың данаға дейін азайған.
Енді арғы-бергі тарихқа үңілелік. Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облысындағы өзендердің бастауы тау бұлақтарынан жыл он екі ай бойы суы мол, ағыны қатты болады. Осынау өзендер бойына жағалай орналасқан байырғы қалалар мен елді мекендерді тұрақтаған диқан бабаларымыз бас тоғанның көмейін өзен деңгейінен тартып, құнарлы жерге жеткізген арық-тоғанмен егін алқаптарын суарып, мол өнім жинауды сонау оныншы ғасырда меңгерген. Мәртебелі мамандық иесі, елге сыйлы тұлға мұрабтың (гидротехник) қадағалауымен егін алқабынан шыққан су қайтадан өзен арнасына құйылуы жолға қойылған. Су деңгейінің қалыпты сақталуынан жер қойнауындағы тектоникалық жарықтар арқылы жерасты сулары қан тамырындай бір-бірімен қосылып отырады. Мұндай жағдайда қыратты, құмды жерлерде өскен өсімдіктер тамырының тереңдігіне сай су сору қабілеті арта түсіп жер бетіндегі өсімдіктерге нәр беріп, бітік өсуіне кепіл болған. Өз кезегінде олар айналасына тұқым шашып, одан қаптап өскен өсімдіктер қалы кілемдей ен даланы жайқалтып, малдың, адамның көрек көзіне айналады. «Барша қазақты даласымен сақта, билерін даналығымен сақта» деген баталы сөздің төркіні осында болса керек.
Ал, киелі мамандық иесі «құдықшы» тамыршы тәуіп сияқты жер бетіне жақын жатқан су көзін таба білген. Халық арасынан шыққан мұндай дарынды жандар бүгінде гидрогеолог атанады. Мал қыстауларында қазылған құдықтың тереңдігі үш-төрт метрден аспаған. Өзім жұмыс жасаған «Қаратал» совхозының екінші фермасындағы қыстау, көктеу мен күздеулердің Балқұдық, Қосқұдық, Шаңқұдық, Тораңқұдық, Талдықұдық, Үшқұдық, Шиліқұдық, Молалықұдық, Қарақұдық, Қызылқұдық, Миқайнар, Қызылқайнар аталуы соның дәлелі. Ірі елді мекендер мен халықтың демалыс орындары салынған елді мекендердің Айнабұлақ, Ащыбұлақ, Бұрқанбұлақ, Егіндібұлақ, Жамбай бұлағы, Қарабұлақ, Сарыбұлақ, Талдыбұлақ, Тамшыбұлақ атануы тегін емес. Мұндай үрдіс Қазақстанның барлық өңірлеріне де тән. Қыстауға, көктеуге, күздеуге орналасудан бұрын құдық аршу жұмысы «Бұлақ көрсең көзін аш» қағидасына сай атқарылатын-ды. Басымыздан өткен оқиға.
Ұлтымыздың осындай жарасымды да жұғымды салт-дәстүрі ұрпақ сабақтастығымен жалғасып бізге жеткен. Әлемге даласымен танылған қазақ көші-қон ережесін қатаң сақтаған. Ауылдың алтын бесігіне бөленіп өскен Тынышбай студенттік өмірінің көпшілігін ұлттық кітапханада өткізіп, Ұлы Даланың тарихына терең үңілді. Жастайынан-ақ соны жайылымды жер, суы балдай бұлақ іздеуден жалыққан емес. Бұл институт қабырғасында алған білімін толықтыра түсті. Қызметінен қол үзбей ғылымға бет бұрды. Өресі өсті. Көшпенділердің тыныс-тіршілігін, Ұлы Даланың киесі мен қасиетін, судың құндылығын жете білетін өлкетанушы Тынышбай танымал ғалымдардың қатарына қосылды. Не айтса да қажеттілікті айтады. Сарқылған бұлақ, тартылған құдық, жүдеп бара жатқан жайылым мен шабындықтар, деңгейі төмендеген Балқаштың тағдыры оны бейжай қалдырмапты. Мақаланың жазылу себебі осылай туындаған. Көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандар автормен байланысып ризашылығын білдіруде. Көптің қолдауына ие болған Тынышбай Досымбеков «Болашағы зор, байлығы мол байтағым» атты пікірін Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі назарына ұсынған екен.
Республикалық деңгейде түбегейлі шешімін табатын өзекті мәселені уақыт талабымен байланыстыра білген ғалымның сол ұсынысына назар аударалық. Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғанының сағасына үрлемелі бөгет (надувная плотина) салу керек. Бұл бетонды плотина құрылысынан 8 есе арзан әрі тиімді. Сонда Қапшағай су қоймасынан қанша куб/сек су берілсе де, Іле өзеніндегі су денгейін 3,5 метр биіктікке дейін көтеріп, керекті су мөлшерімен егіс алқабын толық қамтамасыз етуге болады. Бұл жағдайда Қапшағай су қоймасының да, Іледен су алатын тоғандардың да деңгейі төмендемейді.
Ең бастысы, жерасты қабатындағы судың ойнақшуы тоқтатылып жер қыртысының сорлануына, шабындықтардың жойылып, шоқ-шоқ бұталарға айналуына жол берілмейді. Бұл шара ауданның 30 мың гектар суармалы жерінен тұрақты өнім алу мәселесін шешіп, алқапты тұзданудан сақтап, ұлттық байлығымыз болып саналатын Балқаш көлі су қорының көбеюіне септігін тигізеді. Мұның сыртында Қапшағай су қоймасының деңгейін бір қалыпты ұстап, Шеңгелді массиві де су тапшылығынан құтқарылып, балықтың көбеюіне жағдай туып, Қапшағай қаласын тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілер еді.
Экологиялық жағдай жақсарып, Іле атырабындағы көлдер деңгейі қалыпты жағдайға келіп, ондағы балықтардың, ондатраның көбеюіне жағдай туады. Табиғи шабындықтар қалпына келсе аң, құстар саны көбейіп, көк аспанда тұрақты құс жолы қалыптасады. Табиғатты қорғау шараларын күшейту қажеттілігі қай заман болмасын уақыт талабынан туындап отыратын өзекті мәселе. Сондықтан 2018 жылы құрамында 64 адамы бар екі бөліктен тұратын Іле–Балқаш резерватына 415164 гектар жер бекітілген. Кейіннен 296 мың гектар жерімен Прибалхашский госзаказнигіне оперативті басқаруға берілді.
Бұл құрылымның басты мақсаты Іле–Балқаш атырабындағы биоәртүрліліктің өсіп-өнуіне жағдай жасау, орман-тоғайды өрттен сақтау, антропогендік факторлардың табиғатқа тигізетін залалын барынша азайту, мелиоративтік техникалармен қамтамасыз етіліп, қайыр басқан Іле арнасын тазалап, бөлшектеліп қалған көлшіктерді бір-бірімен қосып, балықтың, ондатраның өсіп-өнуіне ихтиолог ғалымдарды қатыстыра отырып жағдай жасау. Тұран жолбарысын қалпына келтіру үшін, Ресей мемлекетімен арадағы келісім бойынша генетикасы мен өсуі географиялық бір белдеудегі Амур жолбарысын әкелу туралы келісімді іс жүзіне асыру керек. Ол үшін дүз тағысы өсіп- өнетін жерін дайындау, көректік бұхар бұғысы мен жабайы шошқаны көбейту, Алтынемел ұлттық қорығынан құландарды әкеліп жерсіндіру, оның көбеюіне жағдай жасау шаралары атқарылады.
Қазіргі уақытта Сырдария жағалауынан, Алматы облысы Қарашеңгел қорығынан әкелінген бұғылардың 85 басқа жеткені алғашқы жетістіктің бірі. Жан-жануарларды сумен қамтамасыз ету мақсатында бұрыннан қазылған шахталы құдықтарды қалпына келтіру жұмыстарының кеңінен жүргізілуі кезек күттірмейтін қажеттілік.
Ерекше қорғалатын аймақта қажетті кардондар салып, резерваттың жұмысын толыққанды жолға қою арқылы экотуризмді дамыту, халқымыздың үлгі боларлық мәдениетімен, ұлттық құндылықтарымен, қолөнерімен таныстыратын этноауылды халықаралық деңгейге көтеруге толық негіз бар. Сарыесік–Атырау алқабының Шолақ таулы жотасынан бастап Балқаш көліне дейін жеті аудан, бір қала территориясынан жасалынған эко-дәлізге бекітілген 973 мың гектар алқап келешекте құландармен толығып, Іле–Балқаш, Алтынемел ұлттық қорықтарының арасында байланыс бекіп, туризм жүйелі түрде дамып, мемлекетке түсетін пайданың қайнар көзіне айналуы бек мүмкін.
Иә, адамзат тіршілігіне қатысы бар бұл оңай шаруа емес. Ендеше Досымбеков мырзаның өз ойы мен айтар пікірін «Жетісу», «Жас алаш» газеттерінде жариялаумен шектелмей Үкіметке ұсыныс беруіндегі көздеген мақсаты не? Кімге арқа сүйеп отыр? Осы екі сұрақ ауанында аптықпай ойланып көрелік, ағайын.
Біріншіден, біреу жақтырса, біреу жақтыра қоймайтын заманда мәртебелі ақпарат құралдары бетінде жарияланған өзекті мақалалар халықтың талқысына түсіп, онда айтылған пікір, ұсыныстар жинақталып өкіметтік құзырлы органдар назарына алынатын-ды. Екіншіден, көтерілген мәселенің қажеттілігі, болмаса қажетсіздігі жайында авторға құзырлы органдардың жауабы берілетін. Мұны әдептілік деп түсінуші едік. Үшіншіден, автор ауылының, ауданының емес, әлем кеңістігінде орны бөлек Балқаш көлі тағдырына назар аударды. Кешегі Арал тағдыры бүгінгі таңда рухы жаңғырып, айбаты асқан қазақ қоғамына ой тастап отыр.
Кімге сеніп отыр? Әлбетте, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сеніп отыр. Оның нәтижелі болуы халықтың қолдауына байланысты екенін түсінген мақала авторы Үкімет тарапынан оң шешім қабылданарына да бек сенімді. Тарихта О… Нән (дария) деп таңбаланған Іле өзені, Көкше теңіз деп кескінделген Балқаш көлінің кемел келешегі мемлекеттік маңызы бар мәселе!
Көзінің тірісінде ақты ақ, қараны қара деп, шынайы шындық аясында жазылған өлеңімен еліне жігер беріп кеткен Мұқағали:
Өзгереді дүние,
Өзгереді,
Әуелден сол –
Адамның көздегені.
Кереметті ескіртіп кереметтер,
Керемет шақ ақыры кез келеді, – демеп пе еді!
«Мүлде жаңа жан-жағың, жақсылығын таңдағын, жамандығын алмағын», – деген де Мұқағали еді ғой.
«Дау тудыратын емес, дамылсыз дамуды жалғастыруға үлес қосар ұсыныс қабылданады» деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық келісім кеңесінің алтыншы отырысында. Тынышбай Досымбековтің бастамасын дамылсыз даму жолының бір тармағы деп түсінуге толық негіз бар.
Іле–Балқаш атырабы фауна мен флораның қайнаған ортасы, 400-ден астам биоәртүрлілігі мекен ететін табиғаттың тамаша бір бөлігі болса, он үшінші, он төртінші ғасырда Ұлы Жібек жолы бойындағы Іле өзенінің жағасында қамал болған Қарамерген мен Ақтам, Қаратал өзенінің жағасынан орын тепкен байырғы Талдықорған, Көксу өзенінің жағасындағы ірі сауда орталығы Қойлық, Кіші Быжы, Үлкен Быжы өзендерінің қосылған жерінде бекініс болған Екіаша қалаларының орны ашылып, тамыры терең, мазмұны байтақ тарихымыз бен ұлттық шежіреміз өз тілінде сыр шертері хақ! Президентіміздің киелі нысандарды қорғау, туризм, оның ішінде экотуризмді дамыту туралы тапсырмаларын орындау бағытында атқарылатын айтулы шаралар қатарына қосылар бұл проблеманың мәні елдігімізбен етене екендігін ұмытпалық!
Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,
Алматы облысының
Құрметті азаматы





