«Тазалық табалдырықтан басталады». Бұл екі баланың анасы Күлхан Бурашеваның өмірлік ұстанымы. Себебі ол – тазалықтың жаршысы. Жаңалықтың жаршысына айналған тілшілер бас қосқан қасиетті қара шаңырақ Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде нағыз еңбек адамдары қызмет етеді. Соның бірі – яғни, біздің ата басылым «Jetіsý» редакциясы қоныстанған 4-қабаттың тазалығына жауап беретін Күлхан апайдың ерен еңбегін ерекше бағалаймыз.
Күнделікті мұнтаздай таза әрі жинақы кабинетте отырып, таза ауамен кеңінен тыныстауымыз осы асыл жанның тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Киелі Көксу ауданы Быжы стансысында 1965 жылы өмірге келген ардақты жанның ата-анасы теміржолшы болған. Еңбекке жастайынан араласқан ол тазалықты, жинақылықты, реттілікті марқұм анасынан үйренген.
– Бір түйір нан тамшы термен келеді. Расымен де екі қолы қимылдаған адамның аузы да қимылдайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын денсаулығыма байланысты қатты ауырып қалдым. Содан аудандық су бөліміндегі есепші қызметінен өз еркіммен босатылдым. Дәрігерлердің айтуымен қимыл қозғалысы көп жұмысқа орналастым. Шамамен 7 жылдай «Жастар» спорт кешенінің еденін жудым. Қазір Журналистер үйінде жұмыс істеп жүргеніме де екі жылдан аса уақыт өтті. Мен кабинеттегі үстел үстінің таза болуына қатты көңіл бөлемін. Әр зат өз ретімен тұрғанды ұнатамын. Жинақылық ер адамға да, әйел затына да аса маңызды. Жалпы, тәртіп, тазалық адам өміріне де әсер етпей қоймайды, – дейді тазалық жаршысы Күлхан апай.
Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылында тұратын ол жұмысқа жиналу үшін таңғы 5.00-де ұйқыдан оянады. Әйел адамға тән үй ішіндегі күйбең тірлікті атқарып, 6.00-де жұмысқа шығады. Ел тәтті ұйқыда жатқанда таңмен таласа редакция кабинеттерінің шаңын сүртіп, еденін жуып, қызметкерлер келгенше мұнтаздай етіп тазалап қояды.
– Адам жақсылыққа ұмтылу керек. Үздіксіз қимылдағанның денсаулығы да жақсы болады. Мына өмірдегі ең бірінші байлығымыз – денсаулық. Барлық адам ауырмай, өздері қалаған істі істеп, жақсылық жасап, елдің алғысын арқалап жүріп, бақытты ғұмыр кешсе деймін. Өмірге алып келген балаларымыз көз алдымызда жүріп, бізге қуаныш сыйласа сол мен үшін нағыз бақыт, – дейді аяулы ана.
Бейнетінің зейнетін көруге де аз уақыт қалған Күлхан апайдың ендігі арманы – аман-есен зейнетке шығып, немере тәрбиесіне көңіл бөлу. Бірақ біздің кейіпкеріміз: «Зейнетке шықсам да екі қолды қусырып қарап отырмаймын. Жеңіл желпі жұмыс болса да істеймін. Мемлекетке салмақ салып, қимылсыз отыруға болмайды», – дейді.
Жолдасы Жебеген Бұршақбаев екеуі тәрбиелеген екі ұлдан бүгінде бес тәтті немере сүйіп отырған ардақты ата-апаның бар қызығы мен қуанышы – ұлықты ұрпағы. «Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді» деп тәрбиелеген батыр ана жас ұрпақты адал еңбек етуге шақырады.





