Кебұлақ ауданына сапарында Бейбіт Исабаев жол мәселесіне де арнайы тоқталды. Әрі жергілікті әкімдік пен мәслихат депутаттары, сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар жұмыла отырып жол құрылысы сапасына қадағалап отыруы керектігін айтты.
Облыс басшысы ауданда жол мәселесіне орай атқарылып жатқан істерді шолып, алдағы күндердің маңызын да еске салды.
— Қытаймен шегарамыз ашылатын болса, көп сауда-саттық жүреді. Қозғалыс 2-3 есе өседі. Үлкен жүк көліктері жүретін болса, біз жасаған орташа жөндеу бұзылып кетеді. «Alacem» цемент зауытының көліктері Алтынемелдегі кен орнынан зауытқа келуде жолды бұзбас үшін техникалық жол салуға келістік, — деді Бейбіт Исабаев.
Бұдан бөлек ол қателік қайталанбау үшін барынша қадағалаудың маңыздылығын атап өтті.
— Мердігер өтірік жасап жатса, заңдылықты қадағалайтын прокуратура бар, барып тексеріңіздер. Бұрынғы қателігімізді қайталамайық. Тағыда қыруар ақшаны жұмсап, 1,2 жылдан кейін қайтадан ойдым-ойдым жол болып жүрмесін. Сондықтан халықтың, бюджеттің ақшасына салынған жобалардың сапалы, уақытында іске асырылуын қамтамасыз етуін қадағалауға қоғам толық құқылы. Бірге барып тексеріп көріңіздер, — деді облыс әкімі.
Осы орайда аудан көлемінде жол мәселесі бойынша атқарылған істерді де назарларыңызға ұсынбақпыз.
2023 жылы Кербұлақ ауданындағы автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға (69,9 км) мемлекеттік бюджеттен 12,8 млрд. теңге бөлінді (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 2,6 млрд. теңге).
Ағымдағы жылдың қараша айына дейін «Сарыөзек-Көктал-Майтөбе» автожолындағы көпірге күрделі жөндеу (км 15+666, 90 млн. теңге), Қоянкөз ауылына кіреберіс жолына (7 км, 489 млн. теңге), «Алматы-Өскемен» тас жолынан Қарашоқы ауылына кірме жолға (25 км, жалпы құны — 1,0 млрд.теңге, оның ішінде 2023 ж. – 500 млн. теңге), Қарағаш ауылына кірме жолға орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда (14,8 км, маршруттық әдіспен, 385 млн. теңге). Осы жобаларды аяқтауға бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді.
Жыл соңына дейін «Сарыөзек-Көктал» республикалық маңызы бар автомобиль жолының ұзындығы 23 шақырым Алтынемел асуын күрделі жөндеуді аяқтау жоспарлануда (45-68 км, іске асыру кезеңі 2021-2023 жылдар). Биыл жөндеуге 8,3 млрд. теңге бөлінді (жалпы құны — 10,2 млрд.теңге).
Сондай-ақ, Алтынемел асуынан Панфилов ауданына қарай ұзындығы 42 шақырым автожол учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары басталды (68-110 км, барлығы 178 км). Құрылыс жұмыстарына биыл 2,0 млрд. теңге бөлінді (жалпы құны — 2,5 млрд. теңге). Жолды жөндеу жұмысы осы жылдың соңына дейін аяқталады.
Бұдан басқа, осы жылы Басши, Жайнақ, Доланалы, Майтөбе, Жаңалық, Шаған, Шанханай, Қоянкөз, Бостан, Қосағаш ауылдары мен Жоламан станциясындағы ішкі жолдарының 44,9 шақырымы 1 млрд. 115 млн. теңгеге жөнделеді.
М. ӘНЕРБАЙ
Фото: 7-su.kz басылымы





