«Самұрық-Энерго» АҚ директорлар кеңесі компанияның таяудағы 10 жылға арналған жаңа даму стратегиясын бекітті. Құжатта өзге де жоспардағы жұмыстармен қатар жасыл энергетиканы дамыту бағыты қарастырылған. Қазақстандық ірі электр энергетикалық холдингтің даму стратегиясы Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық шартында бекітілген орнықты даму қағидаттарын ұстанғанымен тек олармен шектелмейді.
Аталған құжат мемлекеттің ұлттық энергетикалық қауіпсіздік жүйесінің стратегиялық жоспарлау саясатын ескереді және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның негізгі стратегиялық бағыттарына, мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келеді. «Самұрық-Энерго» АҚ даму стратегиясын іске асыру аясында мемлекеттің тұтынушыларды энергия ресурстарымен сенімді, үздіксіз қамтамасыз ету жолындағы мақсатын негізге ала отырып, ҚР нарығында электр энергиясын өндірудегі өз үлесінің басымдыққа ие болуын қамтамасыз етуге ұмтылатын болады. Сондай-ақ, Қазақстан, бүкіл әлем елдерімен қатар жаңартылатын энергия көздерін (ары қарай ЖЭК) кеңінен пайдаланудың 4-ші энергетикалық көшу кезеңіне аяқ басты.
ЖЭК уақыт өте келе негізінен қазбалы отын түрлері – мұнай мен көмірді ығыстырып шығаратын болады. Осыған байланысты жасыл экономикаға көшудің жаһандық трендтері, стейкхолдерлердің ESG-талаптары Самұрық-Энерго үшін сынақ ретінде негіз болып отыр. Көмір генерациясымен байланысты күн тәртібіндегі маңызды мәселелер мен тәуекелдерді ескере отырып, компания даму стратегиясында жасыл экономикаға көшу бағыттарын айқындап, сол мақсатқа жету жолында сеніммен қадам басып келеді. Көміртегі әсерін азайту және таза энергия үлесін арттыру үшін түрлі іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлануда, соның ішінде ESG қағидаттарын енгізу, ЖЭК жүйесіндегі өндіріс нысандарын салу, компания активтерінің бір бөлігін газға көшіру, көміртекті ұстау және сақтау, шоғырландыру, цифрландыру және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ең озық қолжетімді технологияларды қолдану.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында «Самұрық-Энерго» АҚ ЖЭК нысандарының (КЭС, ЖЭС, шағын ГЭС) электр энергиясын өндіру көлемі 335,8 млн. кВтс, яғни Қазақстан бойынша барлық ЖЭК объектілері өндіретін электр энергиясының жалпы көлемінің 10,8 пайызын құрады. Қазіргі уақытта компания жасыл энергетикамен байланысты жобалармен жұмыс жүргізуде, олардың қатарында Алматы және Ақмола облыстарында қуаты 60 МВт және 50 МВт болатын жел электр стансыларын салу, Іле өзеніндегі 40 МВт-тық контрреттегіш Кербұлақ ГЭС-ін салу бар.
А. ЫБЫРАЙ




