Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы шеңберінде экономиканың басым бағыты бойынша жобалар пулын қалыптастыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
«Инвестицияға тапсырыс» – халық арасында сұранысқа ие, көбі импортқа шығарылатын тауарларды өндіру үшін ШОБ және жеке сектордағы ірі бизнестің инвестициялық жобаларын қолдауға арналған жаңа мемлекеттік бағдарлама. Бағдарлама аясында импортты алмастыру және экспортқа бағытталған салаларға басымдық беріледі. Жобалардың тиімділігін талдау және қаржыландыру «Бәйтерек» холдингінің тетіктері арқылы жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, өңірлердің өндірістік әлеуетін талдау нәтижесінде жалпы құны 4,3 трлн теңгеге тең 202 жоба айқындалған. Олар – сүт және ет фермалары, құс шаруашылығы, тері мен жүн өңдеу, жылыжай кешендері, көкөніс пен картопты қайта өңдеу, қант және астық өнеркәсібін дамыту бағытындағы бастамалар.
Қант импортына тәуелділікті азайту үшін «QAZAQARAB SUGAR» және «Asyl Farms» серіктестіктерінің 5 жобасы жүзеге аспақ. Сонымен қатар, құс еті өндірісінде «AITAS KZ» және «Eco Broiler Ltd» компанияларының 24 жобасы қарастырылған. Астықты терең өңдеу саласында түрік инвесторы «Tiryaki Holding» Астанада интеграцияланған агроөнеркәсіп кешенін салып жатыр. Жобаның құны – 320 млн АҚШ доллары, ал өндіріс қуаты жылына 240 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақты өңдеуге жетеді.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков импортқа тәуелді 26 тұтыну тауарының тізімін ұсынды. Олардың қатарында киім, аяқ киім, сантехника, тұрмыстық техника, косметика және гигиеналық өнімдер бар. Осы бағыттар бойынша жалпы құны 600 млрд теңгеден асатын 67 жоба дайындалған.
Жеңіл өнеркәсіп саласын ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер мен қаржыландыру механизмдері қарастырылуда. Барлық жоба «Бәйтерек» холдингі арқылы экономикалық тиімділігі мен инвестициялық тартымдылығы бойынша сараптамадан өтеді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға бағдарламаны жедел іске қосып, өңірлермен бірлесіп нақты жобаларды пысықтауды тапсырды.
– Бағдарламаның мәні қарапайым және түсінікті. Біз жаздан бері оның барлық бағытын дайындап келеміз. Енді іс жүзінде жүзеге асыру кезеңі басталды. Қаражат нақты жұмыс жүргізіліп жатқан және өміршең жобалар бар аймақтарға бөлінеді, – деді ол.





