Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясында еліміздің энергетика және мұнай-газ саласындағы стратегиялық бағыттарын атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшысы энергетика саласының экономикалық даму мен жаңа технологияларды енгізудегі рөлін ерекше атап өтті.
«Қазақстанның болашағы технологиялық өрлеумен байланысты. Бұл бағытта біз нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз», – деді Премьер-министр.
Бүгінде қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін жоба жүзеге асырылуда. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы ең ірі полимер өндіруші елге айналдырады.
Сонымен қатар бутадиен және карбамид өндірісі бойынша жобалар қолға алынған. 2030 жылға дейін жалпы құны 15 млрд доллардан асатын алты ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. «Бұл мұнай-газ химиясы өндірісінің көлемін ұлғайтып, ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашады», – деді Бектенов.
Энергетика саласындағы тағы бір маңызды бастама – Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 млн тоннаға дейін жеткізу. Бұған қоса, Жаңаөзендегі Қазақ газ өңдеу зауыты, Қашаған және Теңіз кен орындарындағы газ өңдеу кешендері салынуда.
«Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі аймақтарды газдандыруды жеделдетіп, индустриялық жобаларды дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Қазақстан Total Energies, Masdar, Energy China және China Power компанияларымен бірлесе отырып, қуаты 4 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асырып жатыр. Сонымен қатар дәстүрлі энергетика, соның ішінде көмір секторын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Қуаты 1 ГВт болатын үш заманауи көмір ЖЭО-ның құрылысы басталды.
Қазіргі таңда елімізде жылына 18 млн тонна мұнай өңделсе, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 39 млн тоннаға жетіп, өңдеу тереңдігі 94%-ды құрайды деп жоспарлануда.
Премьер-министр Қазақстанның ОПЕК+ аясындағы барлық міндеттемелерді бұлжытпай орындап отырғанын және жаһандық мұнай нарығын тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдап жатқанын да атап өтті.





