Биылғы оқу жылында колледжде 204 студент білім алуда. Онда 29 білікті оқытушы еңбек етеді. Оның ішінде зерттеуші, сарапшы, магистранттар мен педагог-модераторлар бар.
Колледж қазіргі еңбек нарығының сұранысына сай төрт негізгі мамандық бойынша білім береді. Олар: «Тамақтандыруды ұйымдастыру, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Автомобиль көлігіне техникалық қыз- мет көрсету, сондай-ақ, «Нан пісіру», «Макарон және кондитер өндірісі» мамандықтары.
Жаңа оқу жылында «Шаштараз өнері» мамандығын ашу үшін лицензия алу жоспарланып отыр. Оған қажетті жабдықтардың барлығы сатып алынған. Дуальды оқыту жүйесі де тиімді жүзеге асырылуда. Колледждің 7 әлеуметтік серіктесімен келісімшарт жасалып, студенттер тәжірибелік білімін өндіріс базасында жетілдіруде. Серіктестер қатарында өңірдегі танымал кәсіпорындар мен қоғамдық тамақтану орындары бар. Биыл түлектердің 56 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Солардың ішінде Айсезім Аманжолқызы колледжді үздік тамамдап, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Журналистика» мамандығына грантқа түскен.
Соңғы жылдары колледждің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылыпты. Спортзал мен асхананың шатырлары жөнделіп, ағаш едендері ауыстырылған. Оқу корпусы мен жатақхана терезелері, есіктері жаңартылып, электр және жылыту жүйелері толықтай ауыстырылыпты. Сондай-ақ, 54 студентке жаңа жатын орын жабдықталған. Биылғы оқу жылында «Автомобиль көлігіне техникалық қыз- мет көрсету» мамандығына арналған заманауи тәжірибе орталығы салынып, толық жабдықталыпты. Колледжде бүгінде 200-ге жуық студент тегін білім алып, жатақхана және ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Үздік және жақсы оқитын білімгерлерге 43 574 теңгеден 50 110 теңгеге дейін шәкіртақы тағайындалған.
Қапал колледжінің оқытушылары мен студенттері түрлі байқаулар мен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүргені жайлы оқу орнының директоры Рысалды Жүнісова мақтанышпен айтты. Арнайы пән оқытушысы Ардақ Тілеулина мен педагог Әйгерім Қали облыстық кәсіби шеберлік байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, оқу орнының намысын қорғаған. Ал студент Ақмарал Мақсатқызы WORLD SKILLS ZHETISU 2025 аймақтық чемпионатында «Аспаздық іс» бойынша ІІІ орын иеленген. Колледж қыздар құрамасы Ұлттық колледж спорт лигасының облыстық жарысында І орынды жеңіп, Түркістан қаласында өткен республикалық сайыста 5-орынға ие болыпты.
Колледж тек білім ордасы ғана емес, мәдениет пен тәрбиенің шаңырағы болып қалыптасқан. Биыл «Тамшыбұлақ» аула клубының ашылуы осының айғағы. Мұнда қуыршақ театры, ән-күй, домбыра, қолөнер және тоқыма секциялары жұмыс істейді. Бұл ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуге, рухани дамуына жол ашатыны сөзсіз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы кәсіптік білімнің маңызын арттырғанын осы оқу орнынан көруге болады.
Қапал кәсіптік-техникалық колледжі тек кәсіби білім беріп қана қоймай, өңір жастарын еңбекқорлық, отансүйгіштікке тәрбиелеп отырған білім ордасы. Колледж ұжымы алдағы уақытта да сапалы білім мен тәжірибені ұштастырып, еліміздің білікті жұмысшы кадрларын даярлау ісіне өз үлесін қоса бермек.
Г. МҰҚАШҚЫЗЫ





