Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау мақсатында, Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті өз құзыреті шегінде мүгедектігі бар адамдар үшін объектілер мен субъектілердің қолжетімділігі бөлігінде профилактикалық бақылауды және жоспардан тыс тексерулерді жүзеге асырады.
Ағымдағы жылдан бастап «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сәйкес және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген соңғы өзгерістерге байланысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу, жеке және заңды тұлғалардың өтініші бойынша (растайтын дәлелдер ұсынылған жағдайда) жоспардан тыс тексеруге жол беріледі.
«Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25-бабы 3-тармағының талаптарын орындау үшін, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар ұлттық стандарттарға сәйкес мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлік құралдарына, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, үй-жайларға, әуежайлардағы, теміржол вокзалдарындағы, автовокзалдардағы, автостанциялардағы, теңіз және өзен порттарындағы бағдарлар мен қозғалыстарға кедергісіз қол жеткізу үшін жағдай жасауға міндетті.
Аталған объектілерді мүгедектерге қол жеткізу үшін бейімдеу мүмкін болмаған жағдайларда тиісті жеке және заңды тұлғалар мүгедектердің қажеттіліктерін барынша ескеретін қажетті шараларды әзірлеп, жүзеге асыруға тиіс (қолжетімділікті қамтамасыз ету: қозғалыс жолында, кіру топтарына, санитариялық-тұрмыстық үй-жайларға, қызмет көрсету аймақтарына, объектідегі ақпарат және телекоммуникация құралдарына, объектінің аумағына қол жеткізу)
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 83-бабына сәйкес мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне қолжетімділігі болмаған жағдайда лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – жүз жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті» РММ





