Облыс көлемінде ауылшаруашылығы дақылдарына зиян тигізетін 100-ден аса зиянкес, 50-ден аса арамшөп және 80-нен аса әртүрлі өсімдік ауруы бар. Бұл зиянкестер егістіктерге өте қауіпті. Сондықтан олармен уақытылы күрес жұмысын жүргізбесе өнім сапасы нашарлап, түсім төмендейді. Осыған байланысты ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Жарас Оңдасынов әңгімелеп берді.
– Жарас Оңдасынұлы, ауылшаруашылығы егістіктеріне зиянын тигізетін, аса қауіпті саналатын зиянды организмдердің түрін атап берсеңіз?
– ҚР АШМ 2015 жылғы 30 наурыздағы № 4-4/282 бұйрығына сәйкес облыс көлемінде кездесетін аса қауіпті зиянкестер қатарына шегіртке, өрмекші, кене, мақта көбелегі, колорадо қоңызы, шалғын көбелегі, тышқан тектес зиянкестер және астық ауруы – тат және септориоз жатқызылған. Аймақта өсімдіктерді қорғауда зиянкестер мен өсімдік ауруларын айқындауды және олардың экономикалық зиян тигізу шегін анықтауды, химиялық өңдеуді болжамдауды «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» РММ-нің Жетісу облысы бойынша филиалы жүргізеді. Аталған мекеменің аудандық бөлімшелеріндегі мамандар күшімен жылда 2 миллион гектардан аса ауылшаруашылығы жерінде анықтау-зерттеу шаралары іске асырылады. Облыстық филиалда, әр аудандағы мекемелерде қызмет атқаратын мамандардан тапшылық жоқ. Олар автокөлік және тиісті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
– Облыс аумағында зиянкестердің жаппай таралуына жол бермеу үшін іске асырылып жатқан шаралар аз емес шығар?
– Әрине, Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясы тарапынан өткен жылы ауқымды іс-шара жүргізіліп, аймақ көлемінде қолайлы фитосанитарлық жағдай қалыптасты. Зиянкестердің ішінде ауылшаруашылығына ең қауіптісі – шегіртке тектес зиянкестер (азиялық шегіртке және итальяндық прус). Жалпы алғанда шегірткенің жаппай таралып, ауылшаруашылығы жерлеріне айтарлықтай зиян келтіруі әртүрлі жағдайға байланысты. Алдағы уақытта олардың жаппай таралу қаупі байқалады. Сондықтан, қаншалықты қиын жағдай қалыптасса да ауылшаруашылығы жерлерін олардан қорғауға қажетті жағдай жасауға міндеттіміз.
– Химиялық өндеу жұмыстары туралы айтсаңыз?
– Биыл мемлекеттік бюджет есебінен шегіртке тектес зиянкестерге қарсы жалпы 109,416 мың гектар жерде химиялық өңдеу жұмысын жүргізу көзделіп отыр. Оның ішінде итальяндық прусқа 58,978 мың гектар, азиялық шегірткеге 13,930 мың гектар, саяқ шегірткелерге қарсы 36,508 мың гектар. Әуе техникасымен 60,613 мың гектар, жер үсті бүріккіш техникаларымен 48,803 мың гектар жерде химиялық өндеу жүргізу жоспарлануда. Аймақ бойынша аумақтық инспекцияның ұсынуымен облыс әкімінің 2023 жылғы 14 ақпандағы «Шегіртке тектес зиянкестерге және басқа аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік нысандарға қарсы күрес ұйымдастыру жөніндегі облыстық штаб құру туралы» № 10-ө н/қ өкіміне өзгерістер енгізу туралы 2024 жылғы 30 қаңтардағы № 10-ө н/қ өкімімен облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен штаб құрылып, тиісті іс-шаралар жүргізу туралы жоспар бекітілді. Осындай штабтар облыстың әр ауданында құрылып, әр мекемеге оперативтік науқан кезінде тиісті іс-шаралар жүргізу міндеттелді. Зиянкестер байқалған жағдайда қай орынға және кімге хабарлау қажеттілігі айқындалды. Сонымен бірге, биылғы 22 мамырдағы № 64-ө н/қ өкімімен, облыс әкімінің төрағалығымен «Шегіртке зиянкестеріне және карантиндік объектілерге қарсы қорғау іс-шараларының жүргізілуін бақылау жөнінде облыстық жедел штаб» құрылды.
– Аудандық аумақтық инспекциялар тарапынан ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне көмек көрсетіле ме?
– ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңына сәйкес Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясының аудандардағы инспекторлары заң талаптарын барлық қожалық етуші субъектілердің мүлтіксіз сақтауын қадағалайды. Аудандық аумақтық инспекциялардың инспекторлары шаруа қожалықтары иелеріне химиялық препараттарды дұрыс қолдану туралы түсіндіру, кеңес беру сияқты жұмыстарды тұрақты жүргізуде. Облыстағы ауылдық округтерде қысқы агрооқулар кезінде өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі Заң талаптарының орындалуы туралы мәліметтер беріліп, осындай тақырыптарға облыстық, аудандық мерзімдік баспа басылымдарында мақалалар жарияланып келеді.
– Өсімдіктерді қорғауға байланысты тағы қандай ой қосар едіңіз?
– Республика және облыс бюджетінен бөлінген қомақты қаржы мен шаруашылықтардың өсімдіктерді қорғау саласында жүргізген жұмыстарының арқасында былтыр облыс көлемінде ауылшаруашылығы жерлері өсімдік зиянкестерінен аман қалды. Мұндай жұмыс биыл да жалғасады. Жоғарыда айтқанымдай, әр облыс тұрғыны шегіртке тектес зиянкестердің таралуын байқап қалған жағдайда барлық ауданда құрылған жұмысшы топтарына немесе ауылдық әкімдіктерге дер кезінде хабарласа, бұл өсімдік зиянкестеріне қарсы күрес жұмысына қосқан үлес болар еді. Облыс тұрғындарына пестицидтерді (улы химикаттарды) қолданып жатқан жерлерге бармау, өңделген жерлерге 21 күнге дейін мал жаймау және бал араларының омарталарын өңдеу алаңдарынан 3-4 шақырым аулақ ұстаудың маңызды екенін ескертеміз. Әрбір тұрғын өңдеу жұмысын тәуліктің салқын, яғни таңертеңгі және кешкі уақыттарда жүргізілетінін, техникалық сақтану ережелерін қатаң ұстану қажеттілігін білуі тиіс. Барлық жер иеленуші жеке және заңды тұлғалар өз иелігіндегі жерлерде фитосанитарлық мониторинг пен фитосанитарлық iс-шараларды жүргiзуге және зиянды организмдердiң зиян тигiзудiң экономикалық шегiнен көп дамуы мен таралуына жол бермеуі керек. Мұндай ауқымды жұмыстардың арқасында биыл да ауылшаруашылығы егістіктерін, жайылымдарды және шабындықтарды түрлі зиянды организмдерден аман сақтап қаламыз деген ойдамын. Фитосанитарлық жағдай өсімдіктерді қорғау қызметінің қатаң бақылауында.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Әңгімелескен
Айгүл Байжұмақызы





