Вирджиния университетінің ғалымдары жасөспірім шақтағы дұшпандық мінез-құлық биологиялық қартаюды 30 жасқа дейін жылдамдатуы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу 17 жыл бойы жүргізіліп, 123 қатысушының мінез ерекшелігі мен денсаулық көрсеткіштері бақыланған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Газету.Ru-ға сілтеме жасап.
Психологтар жасөспірімдердің достарымен және ата-анасымен қарым-қатынасын жүйелі түрде бағалап отырған. Сонымен бірге холестерин деңгейі, қан қысымы, глюкоза, қабыну деңгейі секілді негізгі биомаркерлер тіркелген.
Зерттеуді басқарған Джозеф Аллен бұл биологиялық көрсеткіштердің адамның болашақ өмір сүру ұзақтығы мен денсаулық жағдайын дәл болжайтынын айтады.
Нәтижесінде 13 жасында достарымен жиі жанжалдасқан және әкесімен қарым-қатынасы нашар болған балаларда 30 жасқа жеткенде ерте қартаю белгілері анықталған.
Алленнің айтуынша, жасөспірім кезеңінің соңында әкесімен келіспеушіліктердің артуы және 20 жас шамасында достарға агрессивті мінез көрсету физиологиялық көрсеткіштердің нашарлауымен тығыз байланысты.
Ғалымдар бұл зерттеу адамның өзгелерге деген қарым-қатынасы мен мінез-құлқы ағзаның тозуына әсер ететінін дәлелдейтін маңызды дерек екенін атап өтті.





